08 шіл, 2020 сағат 20:20

Президент, денсаулық сақтау саласындағы жүйелі қателіктерді ашық айтты – сарапшы

Еуразиялық интеграция институтының сарапшысы Бауыржан Серікбаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың елімізде қалыптасқан ахуалға байланысты үндеуіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Байқасаңыздар, Президент мәселеге келгенде проблеманы ашық мойындайды. Бұрынғыдай «Бізде бәрі жақсы» деген белден басу жоқ. Естеріңізде болса сайлаудан кейін Қазақстан халқының кедейленіп кеткенін ашық айтты. Артынша несиені де кешірді. Табысы көптер көп салық төлесін, кірісі аздар аз төлеуі қажет деп әлеуметтік әділеттілік туралы да оң бастамалардың бастауында жүр», - деп жазады Бауыржан Серікбаев Facebook парақшасында.

Оның жазуынша, ең бастысы Мемлекет басшысы бүгін халқы қиналып жатқанда көңілге демеу беріп, денсаулық сақтау саласында жүйелі қателіктер болғанын да ашық айтқан. Бұған қатысты барлық сала жұмыстарына тексеру жүргізетінін, әкімдердің жұмысына көңілі толмайтынын да білдірген. 

«Президент қадамдарынан жағдайды бақылап отырғаны, өзгеріске деген құлшынысы байқалады. Тәжірибелі саясаткерлерге тән сабырлық пен ақырындап алға жылжу бар. Президент осылай жиі шығып, тосыннан келген індеттен абдырап қалған халыққа демеу болса дейміз», - дейді Бауыржан Серікбаев.