22 қыр, 2020 сағат 17:53

Президент БҰҰ Бас Ассамблеясы сессиясының жалпы дебаттарында сөз сөйлейді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Дүниежүзілік Ұйымның мерейтойлық іс-шарасы аясында БҰҰ Бас Ассамблеясы 75-сессиясының Жалпы саяси дебаттарында сөз сөйлейді. Бұл туралы ҚР Президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Мемлекет басшысы 23 қыркүйекте Нұр-Сұлтан уақыты бойынша шамамен сағат 19:45-тен кейін бейнеконференция форматында сөз сөйлейді деп жоспарланған. 

Президент қазіргі әлемдегі түйткілді мәселелер мен сын-қатерлерді, соның ішінде, коронавирус пандемиясымен күреске, жаһандық экономиканың өсімін қалпына келтіруге, ядролық қарудан бас тартуға және таратпауға, климаттың өзгеруіне қатысты проблемаларды шешуге арналмақ.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық ынтымақтастықты нығайту және өзара сенім білдірудегі БҰҰ-ның рөлін күшейтуге назар аударады. 

Бұдан бөлек Мемлекет басшысы 2030 жылға дейінгі орнықты дамудың Күн тәртібін жүзеге асыру, «Жасыл экономиканы» дамыту және Орталық Азиядағы өңірлік іс-қимылдарды жандандыру мәселелеріне мән береді. 

Мемлекет басшысы елдің ішкі саясатына қатысты мәселелерді де қамтиды, соның ішінде, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының іске асырылуына да тоқталмақ.

Сондай-ақ Қазақстан Президенті бірқатар халықаралық бастама көтереді. Солардың бірі – бүкіл әлемдегі волонтерлердің еңбегін мойындауға, құрметтеуге бағытталған.

Мемлекет басшысының сөйлеген сөзінің тікелей трансляциясын БҰҰ веб сайтынан немесе Facebook-тегі парақшасынан көруге болады.