15 мау, 2021 сағат 11:53

Премьер-Министр қоршаған ортаны қорғау бойынша жол карталарын жандандыруды тапсырды


ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин қоршаған ортаның ластану деңгейін төмендетуге арналған жол карталарының толық орындалмауын сынға алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның айтуынша, жүйелі экологиялық проблемаларды шешу үшін үздік әлемдік практиканы ескеріп жаңа Экологиялық кодекс қабылданды, оның негізгі элементтерінің бірі – ірі өндірістердің озық технологияларды енгізуі. 

«Жергілікті атқарушы органдар қоғамдастықтармен бірлесіп, қоршаған ортаның ластану деңгейін төмендетуге, көгалдандыруға, бұрынғы ластануларды жоюға бағытталған жол карталарын әзірлеп бекітті. Сонымен қатар биыл өңірлік жол карталары бойынша 70 іс-шараның 42-сі ғана орындалды. Олардың орындалуын жандандыру қажет, әсіресе, Нұр-Сұлтан қаласында 13 шарадан төртеу ғана орындалған және Алматыда 13 шарадан бесеуі ғана орындалған», - деп атап өтті Премьер-Министр Үкіметтің бүгінгі отырысында. 

Сонымен бірге, Үкімет басшысы бірқатар мәселеге назар аударуды баса айтты. 

«Қазіргі кезде атмосфераға шығарындыларды азайту мақсатында ірі өнеркәсіптік кәсіпорындар үшін озық қолжетімді технологиялар анықтамалығы әзірленіп жатыр. Осыған орай Экология министрлігіне Қаржы және Ұлттық экономика министрліктерімен бірлесіп, осы анықтамалықтарды уақытылы әзірлеуді қамтамасыз етуді тапсырамын, олар ел өндірістерінің барлығында ескерілуі тиіс», - деп тапсырма берді Асқар Мамин.