Елімізде пойыз билеттерін заңды түрде жаппай сатып алуға болатындығы айтылды. Бұл туралы «Жолаушылар тасымалы» АҚ бас директорының орынбасары Виктор Бошманн мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Халық арасында кең таралған «алыпсатар» әрекетін заңды түрде іске асырудың екі жолы бар. Алғашқы жолы туристік агенттіктер билет сатылымға шыққан сәттен бастап өздерінің клиенттері үшін алдын ала жаппай сатып ала алады. Ең бастысы сатып алынған билеттің барлығында әр адамның аты-жөні мен ЖСН-і көрсетілуі тиіс. Екінші заңды жолы кейбір туристік агенттіктер жеке тасымалдаушылардан пойыз билеттерін жаппай сатып алып, сосын ол билеттерді өз клиенттеріне туристік қызметімен қоса ұсына алады», - деді Бошманн.
Одан бөлек, директор орынбасары жолаушыларға пойыз билеттерін «Қазақстан темір жолы» АҚ-ның ресми сайтынан сатып алуға кеңес берді.
«Егер билет жоқ болған жағдайда, онда күту бөлімінен кезек алған дұрыс. Себебі жолаушы өз билетін қайта өткізген жағдайда сізге сатылымға шыққан билет туралы хабарлама келеді. Тағы айтып өтетін жайт, электронды билет сату жүйесі арқылы Қазақстан бойынша барлық бағыттағы пойыздарға билет сатып алуға болады», - дейді ол.