09 жел, 2020 сағат 13:13

Полиграфиялық ақау табылған оқулықты баспа өз қаражаты есебінен ауыстырады

Оқулықта полиграфиялық ақау табылған жағдайда баспа оны өз қаражаты есебінен ауыстырады. Бұл жайында Сенат депутаттарының сауалына ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің жауабында айтылған, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Мемлекет басшысының 2020 жылғы 27 мамырдағы Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің үшінші отырысында берген тапсырмасын орындау мақсатында оқулықтарды әзірлеу сапасын арттыру, оқулықтарға сараптама және сынақ өткізуге қойылатын талаптар жөнінде бірқатар шаралар қабылданды. Оқулықтарды дайындау және сараптама өткізу жөніндегі жұмысты ұйымдастыру қағидаларына оқулықтардың әзірлену сапасына баспалардың жауапкершілігін арттыру, авторлардың міндетті түрде оқудан өту қажеттілігі бөлігінде өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Баспаішілік сараптамаға, материалдың салмағына, сапасына, иллюстрациялар мен оқулықтар форматына қойылатын санитарлық-гигиеналық нормаларды сақтауға қойылатын талаптар арттырылды»,- деді Асқар Мамин. 

Сонымен қатар, Үкімет басшысы аталған қағиданың 76-тармағына сәйкес жүргізілген мониторинг қорытындылары бойынша уәкілетті орган білім беру ұйымдары талап етпеген оқулықтарды, оқу-әдістемелік кешендерді және оқу-әдістемелік құралдарды пайдалануға ұсынылған оқулықтар тізбесінен пысықтау, қайта басып шығару немесе алып тастау жөнінде шешім қабылдайтындығын айтады. 

«Оқулықтарға этномәдени, психолингвистикалық және терминологиялық сараптама жүргізіледі. Техникалық және грамматикалық қателерге автоматтандырылған сараптама енгізу, оқулықта елеулі кемшіліктер анықталған жағдайда оны сараптамадан алып тастау жоспарлануда. Мемлекеттік білім беру ұйымдарының білім алушылары мен тәрбиеленушілерін оқулықтармен және оқу-әдістемелік кешендермен қамтамасыз ету қағидаларының 24-тармағына сәйкес бірінші оқу жылы ішінде полиграфиялық ақау табылған жағдайда оқулық пен оқу-әдістемелік кешендерді пайдалану кезінде баспа оларды өз қаражаты есебінен ауыстыруды жүзеге асырады», - деді Премьер-Министр.