03 мам, 2023 сағат 13:52

Пияз өндірушілердің жарты өнімінің шіріп кеткені жалған - министрлік

Фото: elements.envato.com

Сауда және интеграция министрлігі «пияз экспортына тыйым салу салдарынан өнімнің жартысы шіріп кетті» деген ақпаратты жоққа шығарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Өткен жылы елімізде 1 млн 100 тонна пияз өндірілді. Оның ішінде 900 мың тонна пияз экспортталды. Өткен аптада пияз өндірушілермен кездесіп, қанша өнім қалғанын сұрадым. Олардың мәліметіне сәйкес, 100 мың тонна пияз қалды. Сондықтан, «отандық өндірушілердің пиязы шіріп кетті, далаға тасталды» деген жалған ақпарат», - деді сауда және интеграция бірінші вице-министрі Арман Шаққалиев орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

Одан әрі пияз экспортына қатысты Сауда және интеграция министрлігі сауда комитеті төрағасының міндетін атқарушы Айдар Әбілдабеков толықтырды.

«Мен биыл ақпанда пияз өндіруші екі ірі кәсіпорынға бардым, олар – Жамбыл облысындағы Қордай және Шу ауданында. Қоймаларда 80-90% пияз болды, араға бір ай салып наурызда тағы бардым, пияздың 20-30%-ы ғана қалыпты. Демек, қалғаны сатылды деген сөз. «Өндірілген пияздың жартысы шіріп кетті» деген шындыққа жанаспайды. Жалпы, пияз мәселесі бұған дейін мемлекетаралық комиссия және жергілікті әкімдіктермен бірлесіп қаралды. Қоймалардағы пияз қоры екі рет тексерілді», - дейді сауда комитетінің басшысы.