14 нау, 2023 сағат 12:45

Пияз экспортына салынған тыйым алына ма – Жұманғарин жауап берді

Фото: east-fruit.com

Премьер-Министрдің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин пиязды елден шығаруға қойылған тыйымды алу мәселесі Үкіметтің күн тәртібінде жоқ екенін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Үкімет отырысынан кейін БАҚ өкілдері Сауда және интеграция министрінен ішкі нарыққа қажет пияз көлемі жеткілікті болса, сыртқа шығаруға салынған тыйым неге алынбайтынын сұрады.

«Әзірге біз бұл мәселені қарастырмаймыз. Өйткені қазіргі деректер жинағы көрсетті (Сауда комитетінің мәліметі- ред.) - 68 мың тонна пияз бар. Былайша қалыпты деуге болады. Егер солай болса, наурыз-сәуір айларына 40 мың тонна керек. Бұл деректер бүгін расталса, комитет өкілдері фермерлермен ішкі нарықта ұсынуға дайын баға туралы келіссөз жүргізеді. Сонда ғана ықтимал квота енгізу мәселесін қараймыз», - деді Серік Жұманғарин.