26 қаң, 2022 сағат 11:03

Питер Гриффитс Қазақстанның авиациялық әкімшілігі басшылығынан кетеді


Питер Гриффитс «Қазақстанның авиациялық әкімшілігі» АҚ бас директоры қызметінен кетеді. Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Азаматтық авиация комитетінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«2021 жылғы 7 желтоқсанда берілген өтінішіне сәйкес 2022 жылғы 7 ақпаннан бастап Питер Гриффитстің «Қазақстанның авиациялық әкімшілігі« АҚ бас директоры қызметіндегі өкілеттігі өз еркімен тоқтатылады. 

Питер Гриффитс «Қазақстанның авиациялық әкімшілігі« АҚ құрылғаннан бері 2 жылдан астам жұмыс істеді және авиациялық реттеушінің дамуына үлкен үлес қосты. Оның басшылығымен азаматтық авиацияны басқару бойынша алдыңғы қатарлы еуропалық модельге сәйкес авиациялық әкімшіліктің қалыптасуы өтті. Мұндай тәсіл Қазақстанда алғаш рет енгізілді және ТМД елдері арасында бірегей болып табылады», - деп атап өтеді комитеттен. 

2022 жылғы 7 ақпаннан бастап Линда Орлэди «Қазақстанның авиациялық әкімшілігі» АҚ бас директоры міндетін уақытша атқаратын болады. Ол 2019 жылғы желтоқсаннан бастап Бас директордың бірінші орынбасары, ұшу қауіпсіздігінің бастығы қызметін атқарып келді.

Ведомство мәліметінше. 2021 жылғы 2-11 тамыз аралығында ұшу қауіпсіздігі бойынша ИКАО-ның Үйлестірілген валидациялық миссиясы (ICVM) аясында ИКАО аудиторларының саланы тәуелсіз тексеру қорытындылары бойынша Қазақстан ИКАО стандарттарына сәйкестіктің орташа әлемдік деңгейінен 15 пайызға асып, 84 пайызға жетті.