25 қаз, 2021 сағат 08:53

Песков: "Ресей Украина мен НАТО-ның жақындауына кедергі бола алмайды"


Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков "НАТО-ның агрессивті ұстанымы Кремльге ешқашан құпия болған емес" деп мәлімдеді. Оның сөзінше, бейбіт өмір сүйгіштігі жайлы түрлі сөздері НАТО-ның түпкі мақсатын бүркей алмайды. НАТО Ресейді қарсылас деп санайды. "Негізгі міндеті Ресейге қарсы тұру, Ресейді тежеу болғандықтан мұндай қатынастардан бас тартсақ, бірдеңе өзгеріп кетпейді", – деді Дмитрий Песков "Россия-1" телеарнасыныңэфирінде. Песковтың сөзін ТАСС агенттігі жариялаған.

Дмитрий Песков Украина мен НАТО-ның жақындай түсуінен болатын салдарды барынша азайту үшін Ресей қолдан келгеннің бәрін жасайды деп үстеді. "Біз кедергі келтіре алмаймыз. Ол мүмкін де емес… Бірақ ондай қадамдардың біздің елімізге әсерін барынша азайтуға тырысамыз", – деді ол.

Мұнан бір апта бұрын Франция телеарнасына берген сұқбатында Дмитрий Песков Украинаның НАТО-ға қосылу мүмкіндігі "қызыл сызықтан" асып кететін "ең жайсыз сценарий" деген еді. Оның сөзінше, бұл сценарий өз қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Ресейді белсенді шара қабылдауға итермелеуі мүмкін. Бірақ ол қандай шара екенін айтпаған.

АҚШ Қорғаныс министрі Ллойд Остин таяуда Киевке келгенде Украинаның НАТО-ға қосылу мүмкіндігі жайлы сөз етіп, оған ешбір "үшінші елдің" вето қоюға құқығы жоқ деген болатын. НАТО Украинаға есігі ашық екенін білдіріп келе жатқанымен, Киев әлі күнге бұл әскери одаққа кіруге қажетті жоспар алмаған.

Бұған дейін Ресей СІМ НАТО-дағы Ресей өкілдігі белгісіз мерзімге дейін жабылғанын жариялаған. НАТО-ның Мәскеудегі миссиясы мен ақпарат бюросы да жұмысын тоқтатқан.

Азаттық