29 қаз, 2018 сағат 15:11

Перуашев бірін-бірі Комсомол күнімен құттықтаған депутаттарға шүйлікті

Мәжіліс депутаты Азат Перуашев төменгі палатада өткен Үкімет сағатында бірін-бірі Комсомол күнімен құттықтаған халық қалаулыларына наразылығын білдірді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Арман Сқабылұлының желідегі жазбасына сілтеме жасап.

«Владимир Карпович (Мәжіліс төрағасының орынбасары Божко – авт.), бізде Мәжілістің ресми отырысы өтіп жатыр. Сіз өз сөзіңізде және басқа әріптестеріміз бірін-бірі Комсомол күнімен құттықтай бастады. Бұндай мереке жоқ. Әріптестер, біз қандай мемлекетте тұратынымызды еске салғым келеді. Біз тәуелсіз Қазақстанда өмір сүріп жатырмыз. Егер біреулер үшін бұл жеке мереке болса, бір-бірлеріңізді Мәжіліс отырысында емес, жеке құттықтаңыздар!», - деді Азат Перуашев Үкімет сағатында.

Еске сала кетейік, Кеңес үкіметі кезінде Комсомолдың құрылған күні 29 қазанда аталып өтетін. Биыл Жалпыодақтық Ленин жастар коммунистік одағы – Комсомолдың құрылғанына 100 жыл болған екен.