17 қыр, 2019 сағат 17:44

Павлодар қаласында белсенді жастар тәжірибе алмасты


«Bolashaq» Қауымдастығы Павлодар қаласында «Жастар ұйымдарының нетворкингі және тәжірибе алмасуы» жобасының кезекті жиынын өткізді.

Екі күнге жалғасқан нетворкингке 18-29 жас аралығындағы 200-ден астам жас қатысты. Шараға қатысушы жастар арнайы шақырылған спикерлермен тәжірибе алмасып, ой бөлісті.

«Жастар үкіметтік емес ұйымдарның тұрақты дамуы мен тиімділігін арттыру» атты мастер-класс кезінде Павлодар мемлекеттік университетінің ректоры Мейрам Бегентаев ЖОО мен ҮЕҰ арасындағы байланысты арттыру және тұрақты даму моделі туралы айтып берді.

Белсенді жастар өздерін қызықтырған тақырып төңірегінде сауалдар қойып, ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.

«Бүгінгі нетворкинг баршамызға пайдалы болады деген сенімдемін. Себебі, шара аясында жаңа идеялар, жаңа ойлар туындап, тың жобалар бастау алары анық. Солтүстіктің жастары – интеллектуалды әлеуеті жоғары жастардың бірі. Олар белсенділігімен қатар, нақты жұмыстарымен көзге түсіп жүр. Сондықтан осы іс-шара аясында нәтижелі жұмыстар болады деп үміттенемін. Осындай мүмкіндіктер ұсынып жатқан «Bolashaq» Қауымдастығына ризашылығымды білдіргім келеді», - дейді Солтүстік Қазақстан облысы әкім аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ басшысы орынбасары Богдан Петров.

Айта кетсек, «Bolashaq» Қауымдастығы аталған жобаны ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен Павлодар облысы әкімдігінің қолдауымен, «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ-ның мемлекеттік гранты шеңберінде ұйымдастырып отыр.

«Жастар ұйымдарының нетворкингі және тәжірибе алмасуы» жобасы нәтижесі бойынша ҮЕҰ мен ЖРО-ның ең үздік қазақстандық тәжірибесі негізінде арнайы жинақ жарық көреді.