29 там, 2024 сағат 10:38

Павел Дуров қамаудан босатылды


Францияда тұтқындалған Telegram негізін қалаушы Павел Дуров сот залында қамаудан босатылды. 

Француз басылымы BFMTV мәліметінше, бұл Дуров толықтай ақталды дегенді білдірмейді. 

"Тергеу судьясы бірінші рет жауап алу және ықтимал айыптау мақсатында Павел Дуровты қамауда ұстауды тоқтатты", – делінген хабарламада. 


Желіде Дуровты сотқа апара жатқаны бейнелеген видео пайда болды. Кәсіпкер сот отырысына француз жандармериясының арнайы шағын автобусымен жеткізілген. Кадрлардан кортеждің кем дегенде алты көліктен тұратынын көруге болады.

Бұған дейін Франция прокуратурасы Дуровтың ағасы Николай Дуровқа іздеу жариялаған еді.

Politico басылымының мәліметінше, Николай Дуров мессенджердің негізін қалаушылардың бірі болғандықтан іздеу жарияланған. Telegram желісіне балаларға жыныстық зорлық-зомбылық жасау ісі бойынша халықаралық ұйымдармен, сондай-ақ полициямен ынтымақтастықтан бас тартты деген айып тағылған. 

Еске салсақ, бұған дейін Telegram негізін қалаушы Павел Дуровтың Францияда ұсталғаны туралы жазған едік. Дуровқа Telegram-дағы контентті модерациялаудан бас тартқаны үшін терроризм, есірткі саудасы, ақшаны жылыстату сияқты ауыр қылмыстарға қатысы бар деген айып тағылған.