04 мау, 2018 сағат 09:45

Пәтер мен қатер

«Түтін шыққан үй жылы, төскейлей шыққан күн жылы» деген мақал мәнін ұғыну үшін том-том кітап оқып, институт тауысып, қызыл дипломға ие болудың түк те керегі жоқ. Күлдіріп тұрып көздің жасын сығып алатын әңгіме төркіні жас отбасылардың осы күнгі басты мәселесін қаузайды. Көтеріп отырған тақырыбымыз баспана жайы.

«Бұл мәселеге біздің қазақ әлімсақтан кезіккен» деп өзіңді-өзің жұбатайын десең, кешегі отаршыл империяға бодандықтың алдында жайлауды жайлап, күздеуге көшін түзеп, қыстауға қарық болып, көктеумен көктеп жүріп «көшпелі» деген ат алғанбыз. Қош делік. «Жоқ» деп жоқтау айтудан аулақпыз, бізде бар, бірақ соған «зар» екенбіз. «Қолжетімді баспанаға қол жетеді, кезек жетпейді» деген мәтел ел ішінде кеңінен таралып кеткелі қашан. Редакцияға келіп түсетін хаттар мен қоңыраулар легіне назар салсақ, пәтер іздеп жүрген көп пенденің жанайқайына кезігесің. Көбінің айтар арыз-шағымы бір арнаға тоғысады. Сатып алуға шама-шарқы жетпеген жұрт, жалға алады. Оның өзінде қатер. Сондағысы сенің қамыңды күйттейтін, көшеде қалғаныңды қаламайтын «туысқанның» жуыспағаны. Заман тілімен сөйлесек «маклер».

Көпке уыстап топырақ шашпайық. Бәлкім, ұл-қызының ас-ауқатын адал тауып жүргендер бар шығар. Олардың ісін жоққа шығармай, журналистік зерттеу жүргізуге бел будық. Әйгілі «жетім бұрыштан» басталған барлау түрлі «көкпарға» кезікті. Алматыдағы Д.Қонаев пен М.Мақатаев көшелерінің қиылысар тұсында бүгінгінің «биік» адамдары қашан барсаң да сап түзеп тұрғаны. Сырттарынан қарасаң осылардың жұмысы жоқ па дерсің?! Қақаған аязға да қарамайды. Қолдағы тауарын қалай өткізерін білмей тұрған саудагер суретіндей. Сөйтсек, осы аймақтың «үлкен» адамдары осылар екен. Дорбасын сүйреген жас отбасы, бір-бірін сүйреген студент. Әйтеуір әйгілі «жетім бұрыштан» жан арылмайды. Жанашырлық танытып жатқан жандармен алаяқтық көрсетіп жүргені тең. Бұл мекеннен іздегенін тапқан жаннан, қалтасындағысынан қағылғаны көп. Елу де – елу. Бұл өлке талай әңгімеге арқау болды, талай ақынның ойын қозғады. Алдағы ширек ғасыр ішінде өз биігінен түсу ықтималдығы да төмен. Бір сөзбен айтсақ, «аңыз бұрыш». Ендігі оның ізбасарлары да заман талабына сай жаңашаланып келеді. Қалай дейсіз ғой?! Қазір үйден шықпай салық төлейміз, үйде отырып керек құжаттарды рәсімдеп жатырмыз. Бәрі де онлайн. Кезбе жұртқа көмекші осы тектес «krisha.kz», «olx.kz», «iagent» атты қосымшалар бар. Жақсылығын қолданған ел көріп жатқан болар. Оны моншақтай қып жіпке тізудің қажеті шамалы. Керісінше жаман ат, қара дақ түсіріп жүр кейбір кәсіпкерсымақтар. Арда жұрттың «журналиссің, халықтың қамын күйтте, жоғарыдағыларға жеткіз, барды бар, жоқты жоқ деп айт» деген аманатын мойынға жүктегесін, біраз көсілуге тура келді. Қайбір жылы университеттегі кезекті сабағымнан шығып, көк базарға қарай таксиге отырдым. Жол қысқарсынның кері, әңгіме бастаған көлік жүргізушінің сөзін іліп әкететін қазақы әдетпен диалог өрби кетті. Көп сөйлегеннен гөрі көп тыңдап келем. Таныстықтан басталған әңгіме саясаттан бір-ақ шықты. Ептеп-ептеп сұрақ қойып, «ел арасындағы ең өзекті мәселені айтыңызшы» дедім. Бес баласын көлік жүргізушісі болып асырап жүрген жігіт ағасы әлі күнге дейін пәтерден-пәтерге сандалып жүр екен. Айтуынша, екі-үш ай тұрған соң үй иелері өзгеріп шығатын көрінеді. Пәтерақысын көтереді, жалған желеу тауып басынғысы келеді, т.б. Ең сорақысы, жаңа пәтер жалдап, делдалдарға (маклер) пайыздық үлесін бергеннен кейін үйдің шынайы қожайыны келіп, пәтержалдаушыны қуып шыққан. Бұл жағдай бірнеше рет қайталаныпты. «Аузы күйген үрлеп ішер» деп, бұл күнде барлық құжаттарын мұқият тексеріп алады екен. 2015 жылы Астанаға барған сапарымызда курстас жолдастармен пәтер жалдап тұрдық. Маклер арбауына алғаш түстік сол кезде. Студентпіз ғой, ақ-қарасына үңіле қоймадық. Тұрғындардың арыз-шағымдарына қарасақ, маклерлер әбден халықты басынған сыңайлы. Көбінің көздегені елді алдап, ақша табу.

Статистикаға үңілсек, krisha.kz сайтында Қазақстан бойынша «пәтер өткіземін» деген жарнама орта есеппен күніне 54 710, Алматы қаласы бойынша 12 003 жарнама берушіні құрайды, пәтер, үй, үй жайын қосып есептегенде сайтта 336 164 жарнама тұр. Бұл күн сайынғы көрсеткіш. Егер айлық көрсеткіш есептелер болса, екі еселеп көбейері сөзсіз. Көрсетілген цифрлар аспаннан алынған жоқ. Сайт қосымшасына кіріп, «іздеу» батырмасын басыңыз. Көбінің алаяқтық қылмысын әшкерелемегеннің өзінде, үкіметке барлығының бірдей салық төлеп жүргеніне күмән келтірушілер көп. Бірді айтып бірге кетпелік, осы сайтқа айына 2,2 млн адам кіреді екен. Сол аудитория 140 млн көрілім жасайды. Демек тұрақты пәтер іздеушілер мен жалға берушілер көп деген сөз. Тегін жарнама алаңы болғандықтан кез келген адам осы арқылы кәсібін жүргізіп отыр. Бір тараптан пайдалы болғанымен, алдап-арбаушылардың санының артуына бірден-бір себеп.

Көрші Ресейдің «airbnb.ru» сайтына кіріп көрдім. Ұнағаны тапсырыс бермес бұрын алдын ала тіркелу міндетті, екіншіден тұтынушылар өз пікірлерін қалдыра алады. Үшінші жарнама беруші туралы толық мағлұмат жүйеде сақтаулы. Бұл тақырып ми қазанында қайнап жатқалы біршама уақыт өтті. Ай бұрын туыс қамын күйттеп, бір жағы көмек, бір жағы зерттеу деп пәтер іздей бастадым. Көңілге ұнаған, бағасы қолжетімді, суреттен ішкі көрінісі жайлы болып көрінген алғашқы пәтерге қоңырау шалдым. Тұтқаны көтерген сыңғырлаған жағымды дауысты келіншек, пәтерді алу үшін агенттікке барып, келісім-шартқа қол қоюымыз, алдын ала пайыздық үлестерін беруіміз керек екендігін айтты. Екінші, үшінші жерге қоңырау шалғанда да осыны естідім. «Шақырған жерден қалма» деп ұрандаттым да, қала орталығының бірінде орналасқан агенттіктердің біріне бардым. Кірген беттен жарқын жүзбен қарсы алды, маркетингтік жүрістерді жақсы меңгерген, күле отырып келісім-шартқа қол қойғызып, өз үлестерін алды. Маклерлер жұмысы сонымен тәмам. Қолыма бір жапырақ қағазды ұстатты да, есіктерін ішінен жапты. Мен іздеген үйдің нақты мекен-жайы мен пәтер иесінің байланыс нөмірі жазылыпты. Хабарластым, барсам суретте әдемі көрінген лашық мұнда мүлдем басқаша. Бар ашуымды ақылға жеңдіріп, орталыққа қайта келсем, бәрі басқаша. Қолында мен қол қойған келісім-шарт. Агенттіктің басты жұмысы – екі іздегеннің арасындағы алтын көпір. «Көрдіңіз, ұнатпадыңыз» енді біз сізге керекті баспанаңызды тапқанша күтіңіз. Келісім-шарт бойынша сізге тауып беруіміз керек» дейді. Нақты мерзімі көрсетілмеген. Бір жұма күттік. Күттік те уақыт тығыз болған соң қымбатына қарамастан, пәтер иесінің өзі жариялаған баспананы жалдадық. Мұндайда құқық қорғау органдарына шағым түсірудің қажеті де жоқ екен.

Адвокаттардың айтуына қарағанда, құжаттардың барлығы заңмен көрсетілген талаптарға сай келсе, іс қозғалмайтын көрінеді. Демек «асауға-тұсау» салу әлі мүмкін болмай тұр. Жеңіл ақша табуды көздейтіндер қатарында пәтер жалға беруші кейбір қожайындар да бар. Мәселен, тегін алаңдарға жарнама қалдырады. Хабарласқан жанның бәрін бір күнге, бір уақытқа жинап, өз үйіне шақырады екен. Мұндағы ұтары – көрсеткені үшін ақы алады. Он адам келсе, әрқайсысынан мың теңгеден қағып отырады. Бірақ үйін жалға өткізбейді. «Заманың түлкі болса, тазы боп шал» дегенмен де елдің түлкі тірлігі тыйылмай тұр. Қай тұстан шаларыңды білмейсің. Ойлай-ойлай ой түбіне түсіп, елден сұрадық. Жақсы деген топтамаларды жинап қойдық. Бірі мемлекеттік заңнамаға өзгерістер енгізіп, қатаң тексеріс жүргізіп отыру қажет десе, енді бірі мемлекеттік сертификаттаудан өткен агенттіктер ғана бұл іспен айналысса дейді. Ақылға қонымды ұсыныс. Жеке имиджіне нұқсан келгенін қаламайтын санаулы агенттіктер сонда ғана өз істерін адал атқарар ма еді, кім білсін?!

Тағы бір белсенді тұрғын агенттік деген түкке де керегі жоқ, үй иесінің өзі тапсыратын ортақ сайт қажет дейді. «Көп асқанға – бір тосқан» әйтеуір айдың оңынан туар сәті жетер. Сол күнге дейін шыдайық», – деп елді сабырға шақырып жатқандар да табылды. Не де болса уақыттан асқан жүйрік жоқ. Талай нәубетті басынан кешірген қазақ үшін маклер не тәйірі?! Онымен де күресер, күресер де жеңіп тынар. Сол күнге жеткенше біздікі «сақ болайық» деген үндеу ғана. Қолында сиқырлы таяғы бар немесе өтімді билігі бар жан, қара халықтың мұң-зарын елеп ескеріп, бәрін өзгертіп жатса құба-құп.

Арман Қалмұханметұлы

"Түркістан" газеті