15 қаң, 2021 сағат 16:16

Партияларға Парламентке өтуге мүмкіндік жоғарылайды - Әли Бектаев

Партияларға Парламентке өтуге мүмкіндік ұлғайтылады. Бұл туралы бүгін VII шақырылымдағы Парламенттің бірінші сессиясынан кейін сенатор Әли Бектаев мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев бүгінгі қос палатаның бірлескен отырысында өте маңызды баяндама жасады деп есептейміз. Ең негізгісі – біздің тиімді мемлекет және әділетті қоғам құру саясатының жалғасатындығын басып айтты. Бұл өте маңызды мәселе. Сондықтан да жалпы басқару жүйесін реформалау, сот жүйесін реформалауға қатысты мәселелердің жалғасатындығын, сонымен бірге, әсіресе жергілікті өзін-өзі басқаруды одан әрі дамыту мәселелері өте маңызды деп есептеймін. Шынында да жергілікті жерлердегі басқару жүйесі, соның ішінде қоғамдық басқару жүйелері, қоғамдық кеңестер, соның ішінде әкімшілік жүйесінің өзін де қайта қарайтын уақыт келді. Халыққа тиімді органдар, тиімді қоғамдық кеңестер жұмыс жасауы керек, ол бірінші мәселе», - деді сенатор.

Оның пайымынша, аумақтарды дамытуға қатысты өте бір маңызды басымдықтар айтылды. Аумақтардың барлығының теңгерімді дамуы және соған лайықты қаржының бөлінуі, аумақтардың жол құрылысы, инфрақұрылымы бірдей даму қажет екендігі өте орынды айтылды. Себебі қазіргі уақытта біздің өңірлерде мысал үшін жол мәселесінің өзі әртүрлі дамыған, бір жерде жол жақсы, бір жерде жол тіпті де өте нашар, бір жерде ауызсумен қамтамасыз етілген, екінші жерде ауызсу тіпті жоқ. Газдандыру мәселелері бойынша да солай. 

«Әсіресе, аумақтық, өңірлік жерлерде, ауыл-аймақтарда осы халыққа қажетті негізгі әлеуметтік инфрақұрылымның дамуын бір деңгейде, бір дәрежеде дамыту мәселесі өте бір үлкен проблемаға айналып отырғандығы рас. Президенттің бүгінгі сөзінде айтылған мәселелерді біз толық қолдаймыз. Оның баяндамасында 3500-ден астам ауылдық елді мекендер қайта жаңғыртылатын болды деген әңгіме айтылды. Бұл өте орынды нәрсе. Егер ауылдық елді мекендер қайтадан жаңғыртылатын болса, біз ауылдарды сақтап қаламыз. Соған лайықты әлеуметтік инфрақұрылым болады. Өндірістік инфрақұрылымды дамыту да маңызды, себебі өндіріс болмай, халық тұрмайды ауылда», - деді депутат. 

Саяси реформаларға тоқталған Ә. Бектаев, ауыл әкімдерін сайлау, артынан аудан әкімдерін сайлауға көшу мәселесі өте орынды айтылғанын атап өтті. 

«Тағы бір айтылатын мәселе, сайлаудан кейінгі қорытындыға байланысты. Шынында да біраз партиялар өтті, біразы өте алмай қалды, көптеген жұмыстар атқарылды, көптеген ұсыныстар айтылды, жақсы сайлау алды бағдарламалар қабылданды, мықты азаматтар кандидат болып тіркелді. Парламентке өтпей қалған партиялардың ішіндегі сол бағдарламаға енгізілген маңызды саяси, экономикалық, әлеуметтік реформаларға қатысты ұсыныстардың бәрін ескеру керектігін, келесі сайлауда Парламентке өту пайызының деңгейін 7%-дан 5%-ға дейін төмендету мәселесін маңызды деп есептеймін. Шынында да партияларға Парламентке өтуге мүмкіндікті ұлғайтады. Яғни партиялар арасында үлкен бәсекелестік пайда болады, биылғы сайлау да соны көрсетті. Сондықтан Президентіміздің баяндамасындағы айтылған мәселелер біздің елімізді дамытуға жолындағы, мемлекетімізді демократияландыру жолындағы, халқымыздың тұрмыс-тіршілігін арттыру жолындағы өте маңызды жасалған қадам болды деп есептеймін», - деді Әли Бектаев.