10 мау, 2021 сағат 12:17

Сенат Байқоңырды Ресейге жалға беру уақытын ұзартты


Сенат «1994 жылғы 10 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы «Байқоңыр» кешенін жалға беру шартына өзгеріс енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасын қабылдады. Ол Ресей тарапына ғарыш айлағын жалға беруді 2050 жылға дейін ұзартуға мүмкіндік береді, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

"Байқоңыр" кешенін жалға беру шартының 4-бабына түзетулер енгізу бөлігінде хаттаманы ратификациялау туралы заң жобасы "Байқоңыр" кешенін жалға алу мен пайдалануды 2050 жылға дейін ұзартуға мүмкіндік береді", - делінген сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің қорытындысында.

Заң жобасын Сенат өкілдеріне Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин таныстырды. Ведомство басшысы 1994 жылы Қазақстанның «Байқоңыр» ғарыш айлағын ұстауға және пайдалануға мүмкіндігі болмағанын еске алды.

«Байқоңыр» ғарыш айлағы бүгінгі таңда ойдағыдай жұмыс істеп тұр. Кешенді пайдаланғаны үшін республикалық бюджетке жыл сайын 115 млн АҚШ доллары шамасында қаражат түседі. Кешен жалда болған 27 ішінде республикалық бюджетке шамамен 3,1 млрд доллар түскен. Тараптардың өзара мүдделерін ескере отырып, 2004 жылы «Байқоңыр» кешенін жалға алу мерзімі 2050 жылға дейін ұзартылды» - деді министр. 

Сондай-ақ, ол 2020 жылы Байқоңыр қаласын дамытудың ұзақ мерзімді бағдарламасы іске асып жатқанын атады. Осы бағдарламаның арқасында Байқоңыр тұрғындары үшін газ тарифі 16 есе арзандаған. 

«1994 жылғы 10 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы «Байқоңыр» кешенін жалға беру шартына өзгеріс енгізу туралы хаттамаға 2018 жылы Петропавл қаласында қол қойылды. Қазақстан Республикасының заңын қабылдау республикалық бюджеттен түсетін кірістердің қысқаруына немесе шығыстардың ұлғаюына әкеп соқпайды. Ресей тарапы осы хаттаманың күшіне енуі бойынша мемлекетішілік рәсімдерді орындады», - деген Бағдат Мусин депутаттардан заң жобасын қолдауды сұрады. 

Дауыс беру нәтижесінде заң жобасын қабылдау туралы шешім қабылданды.

Хаттаманы ратификациялау нәтижесінде "Байқоңыр" кешенінің ғылыми-техникалық, өндірістік, әлеуметтік-мәдени әлеуетін сақтауға, тиімді пайдалануға және дамытуға мүмкіндік беретін бұрын қабылданған міндеттемелерді үйлестіру күтіледі деп көрсетілген. Сонымен қатар, аймақтағы әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету көзделген.