Қазақстанның мемлекеттік бас санитар дәрігері Ерлан Қиясов шетелдік жұлдыздардың концертіне билет сату деректері жіті тексерілетінін айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Баспасөз конференциясында Ерлан Қиясовқа елімізде кей өңірлердің «қызыл» және «сары» аймаққа енгеніне қарамастан наурыз, сәуір, мамыр айларында шетелдік жұлдыздардың қатысуымен концерттер өткізу жоспарланғаны туралы сауал қойылды.
«Бұл деректер бойынша бөлек тексеру жүргіземіз. Жалпы алсақ, «жасыл» аймақтағы өңірлерде залдың 30%-ын толтырып, «сары» аймақтағы өңірлерде залдың 20%-ын толтырып концерт өткізе беруге болады. Ал аталған фактілер бойынша, әрине, толық ақпарат алып, әр факті бойынша қаншалықты заң бұзылғанын, қаншалықты келісілген шара екенін жеке-жеке анықтаймыз. Билеттер Алматы қаласы «жасыл» немесе «сары» аймақта болған кезде сатылған болуы мүмкін. Бірақ дәл қазір ондай шаралар өткізуге тыйым салынған», - деді Ерлан Қиясов.