10 шіл, 2020 сағат 10:59

Пандемия кезінде темірдей тәртіп қажет – Сарапшы

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің отырысында пандемия кезінде туындаған мәселелерды көтерді. Осы жайлы Атырау облысы «Азаматты альянс» қоғамдық ұйымының төрайымы Беккужиева Әлия Байжанқызы пікір білдірді, - деп хабарлайды Strategy2050.kz.

Президент бірқатар министрлікті, әкімдерді сынға алып жатыр. Ол жағдай дұрысталса дейді. Атырау облысында жағдай күрделі болып тұр. Күн сайын бірнеше таныс-тамырдың бақилық болғаны жайлы суық хабар аламын. Қорқынышты болып барады. Президенттің бүгін айтқан тапсырмалары тиянақты орындалса, жағдай реттеледі. Атырауда күн 40 градусқа дейін ыстық. Ауруханаларда орын жоқ. Ауырып жатқан адам қарасы көбейіп жатыр. Біз, атыраулық кәсіпкерлер қолдан келгенше халыққа көмек беріп жатырмыз. Ауруханадағы дәрі-дәрмек, өкпе желдеткіш аппараттарын алуға ақша жинадық. Қиын-қыстау кезеңде халықпен бірге болу керек, - деді ол.

Ә.Беккужиева пандемия кезінде пиар-акцияға миллиондар жұмсаған кейбір ұйым басшыларын сынға алды.

Ұйымды жарнамалау, флешмоб өткізу деген жұмыстарға 600 млн теңге бөлу деген бассыздық. 6 млн теңге болса да ештеңе емес. 600 млн теңгеге қаншама дәрі-дәрмек пен аппараттар алып, ауруханаларды төсек-орындармен қамтамасыз етуге болар еді. Дәл қазір жарнаманың емес, жан сақтап қалудың жайын ойлау керек, - деді төрайым.

Сондай-ақ, Президенттің Денсаулық сақтау министрінің құзыреті мен мәртебесі ерекше деген сөзі толық дұрыс екенін де айтты.

Мемлекет басшысы қазір Үкімет пен әкімдер Алексей Цойдың ұсыныстары мен талаптарын орындау керек деді. Толық келісемін. Қазір денсаулық сақтау саласы ең маңызды орында. Наурыз-сәуір айларында карантинде дайындық жасалмағыннан бүгінгідей жағдайға жетіп отырмыз. Енді бәріне басқаша қарайтын кез келді, - деді Әлия Байжанқызы.