Еуропалық комиссия президенті Урсула фон дер Ляйен коронавирус індеті кезеңінде Еуропалық одақ ауқымында еркін қозғалыс құқығын сақтау жөніндегі ұсыныстарды жария етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Еуропалық комиссия басшысы Урсула фон дер Ляйен бүгін мәлімдеме жасап, онда Еуропалық одақ індет уақытында ЕО ішінде азаматтардың қозғалысын реттейтін бірыңғай ереженің мақұлдағанын мәлімдеді. Аталған шаралар ЕО ішінде мемлекеттік шекараларды кесіп ету ережелерін біріздендіруге және еуропалық шекаралардың ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
«Көптеген елдің үкіметі соңғы айларда сапар жасауға шектеу енгізіп отыр. Бұл олардың бір-бірінен айырмашылығы бар бірқатар дербес шара қабылдауына түрткі болды. Бүкіл Еуропалық одақта әртүрлі түстер коды, түрлі критерийлер мен тестілеудің және карантиннің алуан ережесі бар. Сіздің қайда саяхат жасай алатындығыңызды, сол жерге жеткен кезде қандай ережелерді сақтауыңыз қажеттігі және үйіңізге оралған уақытта қандай ереженің қолданылатындығы түсіну қиындық тудырды», - деді Урсула фон дер Ляйен.
Оның атап өтуінше, Еуропалық одаққа кіретін елдер бұл шараларды бірлесе отырып келісуі тиіс.
«Біз еуропалықтардың өмірін жеңілдету үшін бұл шараларды келісуге тиіспіз. Ереже айқын болған сайын азаматтар да қиындықтарды еркін еңсере алады. Сондықтан таяуда Еуропалық комиссия ұсыныс енгізген болатын. Оны ұлттық үкіметтер қабылдағаннан кейін, адамдардың өміріне айқындық енеді. Біздің ұсынысымызда жалпы критерийлерге негізделген ортақ түстер коды болады. Ол тәуекел деңгейіне байланысты Еуропалық одақтың барлық өңірін айқындайды. Қызыл, қызғылт сары, жасыл - бұл түстер бүкіл Еуропалық одақ үшін бір картада көрініс табады. Әр азамат онлайн түрде Reopen EU сайтымыздан тексере алады», - деді Еуропалық коммиссия басшысы.
Ендігі уақытта Еуропалық одақ азаматтары «жасыл» өңірден келе жатса, онда оған ешқандай шектеу болмайды. Ал «қызғылт сары» немесе «қызыл» өңірден келген саяхатшыға ұлттық үкімет тестілеуден өтуді немесе карантинге оқшаулануды өтіне алады. Бұған қоса, ЕО-ға қатысушы елдердің үкіметтері мұндай шараларды енгізбес бұрын нақты әрі уақытылы ақпаратты ұсынуға тиіс.
«Осынау жаңа жүйе азаматтардың өмірін жеңілдете түседі. біз бірлесе отырып ортақ шешім тапқанымызға қуаныштымын», - деді Урсула фон дер Ляйен.