27 қар, 2024 сағат 11:07

Пәкістандағы наразылықтар: парламент жанындағы қақтығыстар мен адам шығыны

Фото: BBC

Исламабадта бұрынғы премьер-министр Имран Ханды босатуды талап еткен жаппай наразылықтар басталды. Ол 2022 жылы биліктен шеттетілгеннен кейін бірнеше қылмыстық іс бойынша сотталған болатын. BBC мәліметінше, билік Ханның жақтастарына жол бермеу үшін жолдарды жауып, астанаға әскери бөлімдерді кіргізді.

Қаладағы екі аурухана дәрігерлерінің айтуынша, полиция мен наразылық білдірушілер арасындағы қақтығыстардан кем дегенде алты адам қаза тауып, 50-ге жуық адам жарақат алған. Жергілікті биліктің мәліметінше, қауіпсіздік қызметінің төрт қызметкері қаза тапқан. Елдің ішкі істер министрі Мохсин Накви наразылық білдірушілермен келіссөз жүргізбеуді талап етіп, демонстранттарға көзден жас ағызатын газ қолданылғанын мәлімдеді. Сондай-ақ, ол журналистерге қауіпсіздік қызметінің 120 қызметкері, негізінен полиция, жарақат алғанын айтты.

Қамауда отырған экс-премьер Имран Хан әлеуметтік желі арқылы өз жақтастарына үндеу жолдады. Ол азаматтарды бейбіт наразылықты жалғастыруға және «өз құқықтарын қорғауға» шақырды.

Президент, премьер-министр резиденциялары, СІМ, ІІМ, парламент, Жоғарғы сот және дипломатиялық өкілдіктер орналасқан үкіметтік ауданға дипломатиялық миссияларды қорғау үшін әскерилер жіберілді.