Қазіргі жағдайда баршамыз бір-бірімізге өте сабырлы, бір-бірімізді жаралап алмай, барынша жанашырлықпен сөйлеуге, бауырмалдықпен қарауға тиіспіз. Оңай емес, әрине. Эмоцияларымыз бұрқ-сарқ қайнап, жанартаудай атқылап-ақ тұр. Бірақ, біз бір ұлттың, бір мемлекеттің адамдарымыз, тарихымыз бен тағдырымыз ортақ, ортақ бабаларымыздың ұрпағымыз, болашағымыз да ортақ. Сондықтан әрқайсымыз бір-біріміздің қадірімізге жетуіміз керек.
Соғыс жағдайында қас елдер одақтасып, араз адамдар достасып, ортақ жауға бірге шабады. Бірнеше күн біз сондай соғыс жағдайында болғанымыз рас. Енді беті аулақ! Бұл - бізге Тәңір дәргейінен үлкен ескерту.
Билік басындағы адамдар тым астамсып кетті, мемлекетті жемқорлық атты аждаһа буып тастады, өзімізге емес, өзге елдерге ақыл айтып, қорамыздағы бықып-шылқып жатқан тезек-қиға қарамай, шалқақтап, паң жүрдік. Халықты надан, санасыз қара бұқара деп есептедік. “Осыларға не жетпейді осы!” деп тегіс жарылқап тастағандай аспаннан менсінбей қарадық. “Истидраж” бітті. Не ексең, соны орғызатын зауал келді. Есті жиятын, етек жинайтын уақыт жетті. Күнтізбеде 21 ғасыр. Бұдан былай “ұрпағымыздан жалға алған” (америка үндістерінің мәтелі) жерде жұмақ орнатып тастамасақ та, тым құрығанда әділет пен гуманизм дәнін егіп кетуге тырысайық.
Біз жаңа елде, түтін (2022 жылдың қаңтар оқиғалары - редакция) торлап тұрса да, жаңа дәуірдің бозғылт таңында ояндық. Эйнштейнның “бір рет өзгерген сана енді қайтып бұрынғы қалпына оралмайды” дегенге саятын сөзі бар-тұғын. Санамыз сілкінгені рас, парадигмамыз өзгергені рас, енді соған сай қарым-қатынас орнау керек. Мемлекеттің - қоғамға, қоғамның - мемлекетке, қазақтың - қазаққа, қазақтың - өзге ұлттарға, Қазақстанның өз Тәуелсіздігіне деген қарым-қатынасы. Қазақтың Құдайға деген қарым-қатынасы, әр қазақтың жалпыадамзаттық адамгершілік құндылықтарына деген ұмтылысы, парасатты көзқарасы өзгеруі керек.
Жылы-жылы сөйлесең, жылан інінен шыға бермейтін кездер де болады, ал, қалауын тапсаң, қар жанатын құбылыстар қашанда өз еркімізде, өз таңдауымызда. Бұрынғыдай басты төмен салбыратып, ілбіп қана жүре берсек, онсыз да шаңын ғана жұтып келе жатқан әлемдік көш ешқашан қарасын да көрсетпейді. Жастарымыз арзан да оңай пайдаға емес, білім мен ғылымға, озық идеяларға әуес болса игі.
Ешкім ешкімнен артық емес, ешкім ешкімнен кем емес. Ортақ мекеніміздің, ортақ Отанымыздың болашағы үшін қуана жұмыс істесек, біз алмайтын асу жоқ. Қазір бізге Жаратқан үлкен шанс беріп тұр. Мұны Президенттен бастап, қоғамның әр мүшесі толық түйсініп, берік түсінсе дейміз.
Ақберен Елгезек, ақын,
Қазақстан Жазушылар одағы басқарма Төрағасының Бірінші орынбасары