15 мау, 2020 сағат 14:15

Өзбекстанға кіріп-шығуға ішінара рұқсат етілді

Өзбекстан ел аумағына кіруге және шығуға ішінара рұқсат берді. Дегенмен елдегі карантиндік шаралар биылғы жылдың тамызына дейін ұзартылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Арнайы республикалық комиссияның шешімімен санитариялық-эпидемиологиялық жағдайы тұрақтанған елдермен әуе қатынасы қалпына келтірілмек. Маусымнан бастап мына топтағы тұлғаларға Өзбекстанға кіруге және шығуға рұқсат етіледі:

- шет елдердің дипломатиялық өкілдіктері мен консулдық мекемелерінің қызметкерлері мен олардың отбасы мүшелері;

- инвестициялық жобалар шеңберінде Өзбекстан Республикасында жұмыс істейтін шетелдік компаниялар мен басқа да ұйымдардың мамандары;

- емделуге келетін (кететін) тұлғалар;

- шетелде жақын туыстары немесе ауыр науқас туысы бар адамдар;

- шет мемлекеттердің дипломатиялық өкілдіктері мен консулдық мекемелерінің сұрауы бойынша Өзбекстан Республикасы арқылы басқа елдерге жіберілетін (транзитпен) адамдар;

- Өзбекстан Республикасында тұрақты тіркелген шетел азаматтарына, азаматтығы жоқ ел тұрғындарына, сондай-ақ шет елде тіркелген Өзбекстан Республикасының азаматтары.

Сонымен қатар азаматтарға оқуын немесе жұмысын жалғастыру үшін Өзбекстаннан кетуге рұқсат берілген. Ұшып-қонудың барлығы санитарлық ереже мен нормаларға сәйкес жүргізіледі.

Арнайы республикалық комиссия әуе рейстерін жасыл, сары және қызыл түс арқылы санаттарға бөлді.

«Жасыл» рейс санатына санитарлық-эпидемиологиялық жағдайы тұрақты елдер енген. Коронавирус жұқтыру жағдайы азайған елдер «сары» түспен белгіленген. Ал «қызыл» топтағылардың қатарында коронавирус жұқтыру оқиғасы азаймай тұрған елдер бар.