Өзбекстанда алғашқы екі апта ішінде коронавирусқа қарсы вакцинаның бірінші дозасын 200 мыңнан астам адам салдырды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Өзбекстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, бүгінгі күнде елде 216 087 адамға екпе салынды, кеше 67 445 азамат вакциналанды.
Рекорд Ферғана облысында орнады, онда дүйсенбі күні 18 мыңнан астам адам егілген. Осылайша аталған өңір вакциналанғандар саны бойынша (18 363 азамат) көш бастады.
Рейтингіде екінші орынға Андижан облысы жайғасты. Мұнда кеше вакцина 11 667 тұрғынға салынған. Өңірде барлығы 27 786 адам вакциналанған.
Үшінші орында – 25 327 тұрғыны вакцина алған Наманган облысы. Бұл өңірде кеше 8 397 азамат вакциналанды.
Еске сала кетейік, Өзбекстанда халықты вакциналау сәуірде - ірі қалаларда, мамырда - аудан орталықтары мен шағын қалаларда, ал маусымда - ауылдық жерлерде жалғасады. Вакцинация екі препаратпен жүзеге асырылады. Олар: AstraZeneca еуропалық вакцинасы және қытай-өзбек ZF-UZ-VAC2001 вакцинасы.