04 шіл, 2024 сағат 11:11

Өзбекстанда 68 бала дәріден көз жұмды: сот үкімі өзгеріссіз қалды


 

Ташкент қалалық сотының апелляциялық сатысы 2022 жылы әлемді дүр сілкінткен қылмыстық іске қатысты бірінші сатыдағы соттың үкімін өзгеріссіз қалдырды, деп хабарлады РИА новости.


Ташкент қалалық соты "ДОК-1 Макс" үнді препаратын қабылдағаннан кейін Өзбекстанда 68 баланың қайтыс болуына қатысты 23 адамды 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына кесті. Атап айтқанда, фармацевтика саласын дамыту агенттігінің бұрынғы басшысы Сардор Кариев 18 жылға, оның екі орынбасары 16 жылға бас бостандығынан айырылды.


"Ташкент қалалық қылмыстық сотының апелляциялық сатысы 3 шілдедегі отырыста Үндістанның Marion Biotech компаниясының ДОК-1 Макс сиропы бойынша бірінші сатыдағы үкімін өзгеріссіз қалдырды", - деді сот өкілі.


Сотталушылар 12 бап бойынша кінәлі деп танылды, соның ішінде "қылмысқа қатысу", "қылмысқа дайындық және қылмысқа әрекет жасау", "билікті немесе лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану", "лауазымдық немқұрайлылық", "пара беру және алу".


Еске сала кетейік, 2022 жылы желтоқсанда жедел респираторлық вирусты инфекцияға қарсы үнді препаратын қабылдағаннан кейін Өзбекстанда 68 бала қайтыс болған. Оқиғаға қатысы бар 23 сотталушыға 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы кесілген.


Сол жылы желтоқсанның соңында Өзбекстанның денсаулық сақтау министрлігі зертханалық зерттеулер барысында үнді препаратының құрамында улы зат-этиленгликоль табылғанын хабарлады. Этиленгликоль және ди-этиленгликоль фармацевтикада микроскопиялық дозада қолданылады. Оларды негізгінен жарылғыш заттарды, автомобиль қозғалтқыштарына арналған антифриздерді, шыны жууға арналған сұйықтықтарды және пластиктің кейбір түрлерін өндіруде қолданады.