Фото:bbc.com
Өзбекстан орыс тілі бойынша халықаралық ұйым құру туралы келісімшартты ратификациялады. Бұл туралы заңға Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзёев қол қойды.
Құжат Өзбекстан Республикасы Олий Мажлисі Заң шығару палатасы тарапынан 2024 жыл 18 қазанда ұсынылған болса, Сенат оны 24 қазанда мақұлдаған. Ал, орыс тілі бойынша халықаралық ұйым құру туралы құжатты ратификациялауды Өзбекстан Президенті 31 қазан күні мақұлдаған.
Анықтап айтсақ, орыс тілі бойынша халықаралық ұйым құру туралы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жыл 13 қазанда Қырғызыстан астанасы Бішкекте болып өткен ТМД елдерінің саммитінде ұсыныс білдірген еді.
Содан кейін самитте ТМД елдерінің басшылары орыс тілін халықаралалық қатынас тілі ретінде қолдану туралы мәмілеге және “Халықаралық орыс тілі ұйымын құру туралы” келісімшартқа қол қойған еді.
Естеріңізге салайық, 8 қазан күні Москвада болып өткен ТМД елдері басшыларының кеңесінде Ресей президенті Владимир Путин Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына кіретін барлық елден «Халықаралық орыс тілі ұйымын құру туралы» құжатты тез арада ратификациялауын күтетінін айтқан болатын.