Өзбекстанда ауған босқындарына арналған лагерь құрылды. Бұл туралы осы лагерьде жұмыс істейтін дәрігерлерге сүйене отырып Gazeta.uz жазды.
Уақытша лагерь Ауғанстанмен шектесетін Сурхандария облысының Термез ауданында құрылған. Оған жүзден аса босқынды орналастырған.
15 тамыз күні «Талибан» (Қазақстанда террористік деп танылған ұйым) Ауғанстан астанасы Кабулге кіріп, елдегі 20 жылдық соғыстың аяқталғанын мәлімдеді. Осы арада ауған үкіметі әскерінің бір бөлігі Өзбекстанға қашты деген ақпар тарады. Өзбекстан сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, 14 тамыз күні Өзбекстан шекарасын 84 ауған әскери қызметкері кесіп өткен. Олар Өзбекстаннан көмек сұраған. Үшеуіне тіпті медициналық жәрдем қажет болған.
15 тамыз күні кешке Өзбекстанның Сурхандария облысында Ауғанстан әуе күштерінің ұшағы құлады. Өзбекстан қорғаныс министрлігі бұл туралы «Ауғанстан әскери ұшағы Өзбекстан әуе шекарасын заңсыз өтпек болды, Өзбекстан әуе күштерінің әуе шабуылынан қорғау күштері бұған жол бермеді» деп мәлімдеді.
