13 сәу, 2021 сағат 16:22

«Өзбек музыкасының тарихы» атты концерт өтті


Жуырда Тараз қаласындағы Достық үйінде Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай, «Өзбек музыкасының тарихы» атты концерт өтті. Аталған шара этносаралық қатынастарды нығайту, өзбек этносының дәстүрі мен әдет-ғұрыптарын дүйім жұртқа паш ету, сондай-ақ, аталмыш этностың мәдениетімен таныстыру мақсатында ұйымдастырылған, - деп хабарлайды «Ұлт ақпарат».

Жамбыл облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ және «Тараз қалалық өзбек орталығы» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған аталған шараға Тараз қаласының әкімі Ержан Жылқыбаев, қала тұрғындары мен қонақтары, сонымен қатар, БАҚ өкілдері қатысты.

«Баршаңызға белгілі, Қазақстан көпұлтты мемлекет. Бір шаңырақ астында 140-тан астам этнос өкілдері тату-тәтті өмір сүріп келе жатқанына міне Тәуелсіз Қазақстанның отызыншы жылына аяқ бастық. Бүгінгі «Өзбек музыкасының тарихы» атты концертті тамашалап отырғанымыздың өзі бүгінгі бейбіт өміріміздің тіршілігі. Біздің облыста, қаламызда қаншама ұлт өкілдері өмір сүріп жатыр. Әр ұлттың мәдениеті, салт-дәстүрі, тілі өз алдына дамып, қалыптасуына ықпал етіп келеміз. Бүгінгі мерекелік кешке құтты болсын айта отырып, өзбек халқын шын жүректен құттықтаймын», - деді Тараз қаласының әкімі Ержан Жылқыбаев.

Оның айтуынша, мың жылдық тарихы бар Тараз шаһарында өзбек ұлтының өкілдері өте көп. Олардың әрқайсы қаланың дамуы мен мемлекеттің біртұтастығы үшін өмір сүріп, білім алып, қызмет етіп келеді. Қала әкімі осындай бірлікте өмір сүріп отырған облыс жұртшлығыныа өз ризашылығын білдірді.

Айта кетейік, аталған мерекелік концерттің шымылдығын ақсақалдар алқасы ақ батасымен ашты. Сондай-ақ, бірлестік төрағасы Абдурахман Зайнутдинов көрермендерді Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен құттықтады.

«Елімізде қанша этнос тұрса да, барлығымыз бір үйдің баласындай тату өмір кешудеміз. Бұл ең бірінші көңілі дархандай кең қазақ халқының арқасы деп білемін. Одан кейін Елбасымыздың ерен еңбегі. Осындай тұлғалардың арқасында әрқашанда бейбітшілік пен келісімнің символы болып жүре бермекпіз», - деді ақсақалдар алқасы бірлестігінің төрағасы Абдурахман Зайнутдинов.

Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай, «Өзбек музыкасының тарихы» атты концерт өткен кеш барысында  «Томирис» би ансамблі өңір тұрғындарына мың бұралған билерін арнаса, Мирзо-Бобур Тухтамышев, Асрорбек Юсупов, Аширова Лобара, Булатов Фархад т.б. әншілер жиналған қауымға әсем әндерін арнады. Осы орайда әнші Фархад Булатов өз ойымен бөлісті.

«Қазақстан қаншама ұлт өкілдерін кең құшағына сыйдырған ұлы халық. Тарихқа көз салсаңыз, қаншама ұлттар мен ұлыстар қазақ елінен пана тауып, бір нанды бөлісіп жеді. Біздің бүгінгі музыка тарихымызға арналған кештің өзі бір шаңырақ астындағы халықтардың тарихы мен бүгіні, келешегіне бейтарап қарамайтын алып мемлекетіміздің бар екендігінің белгісі. Бүгінгі кешке шақыру алғанда ерекше қуандым, өйткені Қазақстанда өзбек азаматтары өте көп, оларға тарихи әндерімізді шырқап берудің өзі бір бақыт», - деді әнші Фархад Булатов.

Сонымен қатар, іс-шара соңында өнер көрсеткен барша өнер майталмандары өз көрермендеріне шексіз алғысын жеткізді.

Естеріңізге сала кетейік, Жуырда Тараз қаласындағы Достық үйінде Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай, «Өзбек музыкасының тарихы» атты концерт өтті. Аталған шара этносаралық қатынастарды нығайту, өзбек этносының дәстүрі мен әдет-ғұрыптарын дүйім жұртқа паш ету, сондай-ақ, аталмыш этностың мәдениетімен таныстыру мақсатында ұйымдастырылған. Жамбыл облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ және «Тараз қалалық өзбек орталығы» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған аталған шараға Тараз қаласының әкімі Ержан Жылқыбаев, қала тұрғындары мен қонақтары, сонымен қатар, БАҚ өкілдері қатысты.