Осы айдың соңында елімізге 500 мың доза шетелдік вакцина жеткізілмек. Бұл туралы ҚР ДСМ Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті Нұр-Сұлтан қалалық департаментінің басшысы Нұрлыбек Асылбеков айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бірқатар келіссөз процесі аяқталуға жақын. Олардың барлығы да өндірушілер тарапынан құпия ақпарат саналады. Сондықтан келісімшартқа қол қойылғаннан кейін біз ол жайында айта аламыз. Сәуірде Қазақстан Республикасына шетелдік вакцинаның 500 мыңға дейін дозасы жеткізуді жоспарлап отырмыз», - деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихаты барысында.
Сонымен қатар ол бірқатар шетелдік өндірушіні атады.
«Қазіргі уақытта олар - Pfizer Biotek, Johnson&Johnson және «Синофарм» қытайлық вакцинасы. Келіссөз процесі баяу жүріп жатқан өзге де бірқатар компания бар. Олар өте үлкен компания екендігін, шешім жылдам қабылданбайтындығын түсіну қажет. Оның үстіне әлемде вакцина тапшылығы да бар», - деді Нұрлыбек Асылбеков.