09 жел, 2020 сағат 17:27

Өскелең ұрпақ елдік мүдде жолында аянбай еңбек етуі керек - Мәулен Әшімбаев

Желтоқсан – қазақ үшін қастерлі ай. Мұндай пікірді «Zeren» республикалық лагерінің жабылу рәсіміне қатысуына орай әлеуметтік желіде пікір жазған ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Бүгін «Zeren» республикалық лагерінің жабылу рәсімі өтті. Соның аясында еліміздің бір топ талантты жастарымен кездесіп, Тәуелсіздіктің қадір-қасиеті, оны сақтаудың маңызы және желтоқсан айының ұлт тарихындағы орны жөнінде сөз қозғадық. Шын мәнінде, желтоқсанның халқымыз үшін қадірі бөлек. Себебі, Алаш автономиясының жариялануы, 86-дағы Желтоқсан оқиғасы, Тұңғыш Президентімізді сайлау, Тәуелсіздікке қол жеткізу сияқты елдік пен егемендікке бастаған маңызды оқиғалар осы айда болған. Тіпті ресми түрде Ақмолаға астана мәртебесі берілген күн де желтоқсанның еншісінде. Сондықтан желтоқсан – қазақ үшін қастерлі ай. Біз осылай өткеннен өнеге ала отырып, алдымызда тұрған ең басты міндет Тәуелсіздікті сақтау және елдікті нығайту екенін терең түсінуіміз керек. Осы бағытта жастарымыз белсенділік танытып, Отанға қызмет етудің озық үлгісін көрсету қажет деп есептеймін. Ол үшін билік тұтқасын ұстап, шенеунік болу міндетті емес. Ең бастысы, әркім сапалы білім алып, өз саласында биік белестерді бағындыруы тиіс. Елдің дамуына қосылған ең үлкен үлес сол. Себебі, жастардың жеңісі – мемлекет жетістігінің кепілі. Сондықтан өскелең ұрпақ алдарына нақты мақсаттар қойып, елдік мүдде жолында аянбай еңбек ету керек», - деп жазды Сенат төрағасы Facebook парақшасында.

Сонымен қатар ол туған ел үшін еңбек ету – әр азаматтың қасиетті борышы екендігін баса айтты. 

«Тарихта аты қалған батырларымыздың ерлігі, ХХ ғасырдың басындағы Алаш арыстарының әрекеті осындай мәртебелі міндетке табан тірейді. Соғыс жылдарындағы, одан кейінгі кезеңдегі буын да ұлтты сақтап қалу үшін жұмыс істеді. Елбасы бастаған буын тәуелсіз Қазақстанды құрып, мемлекет қалыптастырды. Нұрсұлтан Әбішұлы осы маңызды міндетті әрі қарай жалғастыру үшін ел тізгінін келесі буынға аманат етіп тапсырды. Бүгінде Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен мемлекетті өркендету үшін ауқымды жұмыс атқарылып жатыр. Ертең кезек тәуелсіздік жылдарында туған жастарға келеді. Сондықтан өрендеріміз осы жауапкершілікті бүгіннен бастап сезініп, аманатқа лайықты ұрпақ болып қалыптасуы қажет», - деді Мәулен Әшімбаев.⁣⁣⠀

Сенат төрағасы Қазақстанда талантты, отаншыл жастар өте көп екендігіне баса назар аударады. 

«Бүгін солардың бір тобын «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығымен салтанатты түрде марапаттадық. Сыйлық иегерлерінің бәрі өз саласы бойынша айтарлықтай жетістіктерге жеткен, егемен еліміздің өркендеуіне өз үлесін қосып келе жатқан алғыр азаматтар. Олардың қатарында білікті журналист Рауан Мынбаев, спортта ел намысын абыроймен қорғап, қайсарлығымен талайға үлгі болған Жігер Кенжеғалиев, дәстүрлі ән өнерімізді дәріптеуде белсенділігімен танылған Күнсұлу Түрікпен, классикалық музыканың қыр-сырын жетік меңгерген Жібек Мұсырғалиева, қоғамдық жұмыста алғырлығымен көзге түсіп жүрген Максим Споткай сияқты бірқатар дарынды іні-қарындастарымыз бар. Сыйлық алған барлық жастарды шын жүректен құттықтай отырып, алдағы уақытта бұдан да биік шыңдарды бағындыра беруіне тілектестігімді білдіремін», - деді ол.