13 шіл, 2020 сағат 13:25

ОСК мүшелері коронавирус індетінен қаза тапқандарды еске алды

ҚР Орталық сайлау комиссиясының отырысы коронавирус індетінен қаза тапқандарды бір минут еске алумен басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бүгін пандемия құрбандары болған отандастарымызды Ұлттық аза тұту күні екендігін атап өткен жөн. Баршаңыз бұл жайында білесіздер. Бізде, сайлау жүйесі қызметкерлерінің арасында да ауыр қаза бар. Алматы облысы Текелі қаласының аумақтық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Бәкен Жаманқұлов қайтыс болды. Бәкен Түзелбекұлының туған-туыстарына қайғысына ортақтасып көңіл айтамыз. Осыған орай бір минут үнсіздікпен барлық қаза болғандарды еске алуды ұсынамын», - деді отырысты ашқан ҚР ОСК төрағасы Берік Имашев.

Қазіргі уақытта ОСК отырысында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттығына кандидаттар ұсыну кезеңінің қорытындысы қаралып жатыр. Облыстардың, Алматы, Шымкент және Нұр-Сұлтан қалаларының аумақтық сайлау комиссиялары төрағаларының кандидаттарды ұсыну қорытындылары туралы ақпараттары тыңдалу үстінде.