Қазіргі кезде кез келген орынсыз айтылған сөз өшпенділік тудыруы мүмкін. Бұл жағдайды бірте-бірте өзгертіп, оның орнына сарапшылық-интеллектуалдық диалог орнатуды бастау қажет. Екі ел, яғни Ресей мен Қазақстан арасындағы байланыс үзілді-кесілді екіжаққа кетісе алмайды. Өйткені Қазақстан да, Ресей де бір-бірінің тұрақты және табысты дамуына аса мүдделі. Біз бір-бірімізбен тығыз байланыстамыз. Биыл Қазақстан мен Ресей арасында дипломатиялық қарым-қатынастар мен стратегиялық әріптестікке 30 жыл толды. Бүгінгі өзгермелі геосаяси жағдайда «дипломатияның екінші жолын», нақты айтқанда екі ел арасындағы сарапшылық диалогты нығайту өте маңызды.
Мемлекетаралық татулықты орнату, келесім үзбей үшін елімізде халықаралық басқосулар өтуде. Мәселен, Рим папасының елімізге келуі – тарихи оқиғаның бірі. Рим Папасы Франциск өз сөзінде «Сіздерде «Береке басы – бірлікте» деген мәтел бар. Бұл барлық жерде, әсіресе осы жерде маңызды ұғым екені сөзсіз. Елде 150-ге жуық этникалық топ пен сексеннен астам тіл бар. Әртүрлі тарихы, мәдени және діни дәстүрлері бар бұл халықтар бірлесе, адам айтса нанғысыз ынтымақтастық орнатқан» деп, елдігімізді ұстап тұрған ынтамақ екенін баса назар аударды. Осы татулықты біз үлгі ретінде көрсетуіміз керек.
Өткенде «Орталық Азия – Ресей» саммиті өтті. Кездесу барысында әлемдік саясат пен аймақтық қауіпсіздіктің өзекті мәселелері, Қазақстан-Ресей қарым-қатынасының перспективалары, сондай-ақ ғылыми-зерттеу қызметі сияқты кең ауқымды тақырыптар ортаға салынды. Артынан қос тарап ынтымақтастықты нығайтуға уағдаласып, бірлескен ғылыми-зерттеу жұмыстарды жалғастыратын болды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзі дәлел: «Бүгін біз бұрын-соңды болмаған геосаяси шиеленіс пен әлемдік экономикадағы күшейе түскен дағдарыс жағдайында өмір сүріп жатырмыз. Бұл құбылыс қазірдің өзінде «жаһандық дисфункция» деп аталды. АӨСШК-тің бұған дейінгі 2019 жылы өткен саммитінен бері әлемдік қоғамдастық ауыр сынақтарды бастан өткерді. Оның салдары жаһандық дамуға әлі де әсер етіп отыр. Менің ойымша, біздің алдымызда тұрған ерекше маңызды міндет – туындаған зор қауіп-қатерлер жағдайында халықаралық қатынастардағы тұрақтылыққа қол жеткізу. Көпжақты механизмдерге тың серпін беру және ашық диалогқа оралу аса маңызды».
Еркін Тұқымов,
ҚР Президенті жанындағы
Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының директоры