09 нау, 2017 сағат 11:16

Орынбор губернаторының Абылай сұлтанға жазған хаты

Орынбор губернаторы И.И. Неплюевтің Абылай сұлтанға жазған хаты:

1745 жыл, 16 сәуір.

Патша ағзамға Орта жүз қазақтарының шын берілген аса құрметті Абылай сұлтанына!

Сіздің ағаларыңыз Әбілмәмбет хан мен Барақ сұлтанға тілмәш Оразлинді хатпен жібере отырып, сізге де, құрметті сұлтан, патша ағзамның мейірімі түскенін хабарлауды өзім парыз санап отырмын. Сізден көптен хат алмай отырмын...

Өздеріңіздің жағдайларыңыз туралы хабарлассаңыз жақсы болар еді, тіпті маған келіп қайтсаңыз, — деп сұраймын. (Бұл шақыртуға Абылай сұлтан барған жоқ). Осы жаздың соңын ала, күзге дейін Орынборда болмақпын, сізбен жүзбе-жүз кездессем, көп нәрсені ақылдасып шешуге болар еді. Орынборда сауда жасауға барлық жағдайларымыз бар. Ресей көпестерінің тауарлары жыл өткен сайын молайып келеді, олардың бірқатары Ор бекінісіне де бара алады. Бұл жөнінде өзіңіздің барша халқыңызға хабарлап қойсаңыз дұрыс болады.

Ал енді, Сібір жағында әртүрлі жағдайлармен ұсталып қалған сіздің адамдарыңыз бен жылқыларыңызды қайтару туралы талабыңызды қабыл алып, іздеу салдым. Сіз жіберген кісілерге сол адамдарыңыз бен бірнеше жүз жылқыңызды беріп қайтардым, қалғанын Сібір губернаторы әлі де іздестіріп жатыр. Сіздің көшіп жүрген халқыңыз біздің жаққа ешбір алаңдамасын.

Абыройыңыз арта берсін, менің сізге деген шын ниетімді қабыл алыңыз.

ҚОЛЫМДЫ ҚОЙЫП, МӨРІМДІ БАСТЫМ, ТАЙНЫЙ СОВЕТНИК ӘРІ КАВАРЛЕР НЕПЛЮЕВ. ХАТШЫ ПЕТР РЫЧКОВ.