03 шіл, 2019 сағат 08:14

«Орталық Азиядағы жоғары білім беруді жаңа технологиялар көмегімен модернизациялау»

Алматы технологиялық университетінде 2 шілде күні Еуропалық Одақтың Erasmus+ бағдарламасының қатысушыларымен бірге «Орталық Азиядағы жоғары білім беруді жаңа технологиялар көмегімен модернизациялау» тақырыбында кездесу өтті.

Бұл шараның мақсаты – инновациялық білім беру технологиялары саласында озық тәжірибе мен білім алмасу. Кездесу нәтижесінде әрбір қатысушыға пайда тигізе отырып,  тәжірибе алуға көмек болары сөзсіз. Ауқымды шараға Тәжікстан, Түрікменстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Люксембург, Болгария, Португалия, Италияның жоғары оқу орындарымен қатар Өзбекстан Республикасының елшілігі және Орталық Азия білім министрлігінің өкілдері қатысты. Жобаға Қазақстаннан ҚР Білім беру министрлігі, Алматы технологиялық университеті және Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық Университеті қатысты.

Кездесу университеттегі домбыра үйірмесінің өнерпаздарының «Балбырауын» және «Адай» күйлерімен ашылды. Бұдан соң ортада студенттер «Қазақ биін» биледі.

Кіріспе сөзді Алматы технологиялық университетінің бірінші проректоры Бауыржан Нұрахметов бастап берді. Келген қонақтармен танысқан соң ол оқу ордасы – Алматы технологиялық университетінің тарихымен таныстырды. Сондай-ақ, жетістіктері мен білім сапасына тоқтала отырып, білім берудегі ерекшелік жөнінде айтып өтті.

Бұдан кейін әр қатысушы дайындап келген баяндамаларын оқып, тәжірибелерімен бөлісті.

Erasmus+ жаңа жобасы инновациялық білім беру технологиялары саласындағы озық тәжірибелермен алмасу үшін бағытталған. Жобаның нәтижесінде серіктес университеттердің әр оқу орнында 15 инновациялық білім беру технологиясы орталығы және 15 оқу зертханасын салу жоспарланып отыр. Сондай-ақ, серіктес университеттерде инновациялық технологияларды енгізу мақсатында цифрлық дағдыларды игеру және оқыту әдістемесін меңгеру бойынша мұғалімдерге арналған курстар ұйымдастырылмақшы.

Айта кетейік, Erasmus+ білім беру бағдарламасының негізінде қазір білім беру сапасының жоғарылады. Бұл жоба Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан және Тәжікстанның 15 университетінде және 4 еуропалық университеттер – Болгария, Италия, Португалия, Люксембургта жүзеге асып жатыр.