21 қар, 2020 сағат 15:25

Орталық Азия елдері мемлекеттік секторының HR менеджерлері бес айлық оқу бағдарламасын аяқтады

Ағымдағы жылдың мамыр айында бастау алған «HR практикум: HR трендтері және практикалық дағдылар» модульдік оқу бағдарламасы аяқталды. Модульдік оқыту Астана мемлекеттік қызмет хабы мен Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің жаңа ахуалда мемлекеттік қызметтегі адами ресурстарды басқару тиімділігін арттыруға бағытталған бірлескен жобасы болып табылады.

Бес ай бойы онлайн режимде корпоративтік сектордың жетекші HR менеджерлері Қазақстан, Қырғыз Республикасы және Өзбекстанның 90-нан астам мемлекеттік қызметшілерімен білімі және озық тәжірибесімен бөлісті. 

ERG Басқарма төрағасының орынбасары Инна Губарева, «ҚТЖ «ҰК» АҚ-ның HR жөніндегі басқарушы директоры Тамила Микулич, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-ның HR директоры Әйгерім Қарсыбекова, «Қазпошта» АҚ-ның Персонал және өзгерістерді басқару жөніндегі басқарушы директоры Ақмарал Найзабекова, «ForteBank» АҚ-ның атқарушы директоры Айнұр Кошоева, Beeline Қазақстанның HR директоры Тахмина Кодири, BI University директоры Ольга Баспаева, Самұрық-Қазына Корпоративтік университетінің бас операциялық директоры Жанар Байжұманова, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның Адами ресурстарын басқару департаментінің менеджері Айжан Кәкенова шақырылған лектор ретінде қатысып, өз компанияларындағы HRМ тәжірибесімен таныстырды.

Бағдарламаның негізгі тренерлері «Қазақстан HR менеджерлерінің республикалық қауымдастығы» ҚБ-тің Үйлестіру кеңесінің төрайымы Гүлмира Раисова және менеджмент пен көшбасшылық саласындағы жетекші сарапшы Ирина Туралиева болды.

Модульдік оқыту ұйым құрылымындағы HR-дың рөлі мен орны, қызметкерлерді жалдау және ұстап қалу, оқыту және дамыту, еңбекақы төлеу және ынталандыру, таланттарды басқару, мансаптық жоспарлау, сабақтастықты қамтамасыз ету, тиімділікті басқару және корпоративтік мәдениет сияқты тақырыптарды қамтыды.

Бағдарлама қатысушыларының пікірінше, бұл жоба еліміздің, Қырғыз Республикасының және Өзбекстанның түкпір-түкпірінен келген кадр қызметкерлерінің теориялық және практикалық білімдерін арттырудың бірегей мүмкіндігі болды, одан әрі қарай дамуға және ұйымдағы HR рөліне басқаша көзқараспен қарауға «серпін» берді. Сондай-ақ, қатысушылар бұл бағдарламаның мемлекеттік басқару жүйесін реформалаудың және мемлекеттік аппаратты кәсібилендірудің қазіргі заманғы басымдықтарымен ұштасатындығын ерекше атап өтті.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы Ғ. Тұрсынбаев бұл бағдарлама оған көптеген жаңа ұғымдармен танысуға, атап айтқанда «Дэвид Ульрихтің моделі», маркетингтік рекрутинг, STAR техникасы бойынша сұхбат өткізу туралы білуге мүмкіндік бергенін атап өтті. Ол жаңа білімінің басым бөлігін іс жүзінде қолдана бастаған. Мысалы, ауылдық округ әкімдерімен сұхбат өткізу кезінде STAR техникасын қолданған және өзі басқаратын ұжымда микроқытуды енгізген.

«Болашақ» АҚ-ның Әкімшілік департаментінің директоры Анар Құсайынова «бұл бағдарлама замануи, практикаға бағдарланған, дайын білім өнімі болып табылады» деп есептейді. «Біз HR саласындағы өзекті трендтер және шешімдер, қызметкерлермен жұмысты жақсарту бағытындағы тиімді ұсыныстармен таныстық, сонымен бірге квазимемлекеттік сектордың HR саласындағы табысты тәжірибелері туралы ақпарат алдық», - деп ойын қорытты.

Астана мемлекеттік қызмет хабы:

Хаб миссиясы қатысушы елдер үкіметтерінің мемлекеттік қызметтің институционалдық және адами әлеуетін арттыруда күш-жігерін қолдау арқылы мемлекеттік қызметтің тиімділігін арттыруға көмек көрсету.

2013 жылғы ҚР Үкіметі мен БҰҰ-ның Даму бағдарламасы бастамасымен құрылған Астана мемлекеттік қызмет хабы бүгінгі таңда 42 қатысушы ел мен 70 институционалдық серіктестерді қамтиды. Хаб - қатысушы елдердің қажеттіліктеріне сай икемді күн тәртібіне негізге алатын, мемлекеттік қызмет саласындағы тәжірибе мен білім алмасу бойынша институционалдық платформа.