20 мам, 2021 сағат 14:23

Ораза айында жиі қойылған есімдер


Ораза айында елімізде дүниеге келген ұл балаларға - Рамазан, ал қыз балаларға Медина есімі жиі қойылған, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Биыл ораза айы 13 сәуірде басталып, 12 мамырға дейін жалғасқаны белгілі. Осы орайда аталған екі айда елімізде дүниеге келген ұл және қыз балаларға қандай есім жиі қойылғанын білу мақсатында ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының ресми сайты деректеріне шолу жасап көрген едік. 

Сонымен, сәуір айында дүниеге келген 1 175 ұл балаға Рамазан есімі берілген. Жалпы бұл айда ұлдарға Айсұлтан (388), Әлихан (341), Нұрислам (325) және Амир (212) есімдері жиі қойылған. Ал қыздар арасында Медина (585) есімінің жиі қойылғанын байқауға болады. Үздік бестікке Раяна (489), Айша (425), Айлин (397), Айзере (342) есімдері кіреді. 

Статистикалық деректерден мамыр айында да Рамазан (510), Айсұлтан (183), Әлихан (178), Нұрислам (156) есімдері жиі берілгенін байқауға болады. Дегенмен, бұл айда ұлдарға қойылған үздік 5 есімнің қатарына Алдияр (94) кіріп отыр. Қыз балаға есім қоюда алғашқы үздік төрттік өзгермеген. Яғни Медина (235), Раяна (224), Айша (190), Айлин (175) есімдері жиі қойылған. Бұл айда үздік бестікке Асылым есімі де кірді. Мұндай есім 157 қыз балаға берілген. 

Айта кетерлігі, соңғы жылдары Рамазан айында дүниеге келген сәбилерге жоғарыда аталған есімдердің жиі қойылғанын байқауға болады.