09 сәу, 2021 сағат 11:21

Ораза, ауызашар, садақа бойынша 109 нөмірі арқылы кеңес алуға болады

Рамазан айы кезінде елорда тұрғындары оразаға қатысты діни және медициналық сауалдар бойынша, садақа беру және ауызашар жеткізу мәселелері бьойынша 109 нөміріне хабарласып, кеңес алады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Бұл туралы Нұр-сұлтан қаласының Дін істері басқармасының басшысы Нұрдәулет Әлмұханов мәлім етті. 

«Елорда мешіттеріндегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдайға байланысты дәстүрлі түрде түнгі намаздар, тарауық намаздар мен жұма намаздары өткізілмейтіні туралы хабарлағым келеді. Сондай-ақ ауызашарды ұжымдық түрде өткізуден бас тартуды сұраймыз», - деді басқарма басшысы.

Оның сөзінше, Нұр-Сұлтан қаласының Дін істері басқармасы мемлекеттік органдармен және Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының филиалдарымен бірлесіп Рамазан айына тиісті дайындық жұмыстарын жүргізуде.

«109 орталықтандырылған нөмірі арқылы елорда тұрғындары мен қонақтары Рамазан айын өткізу және жалпы дін мәселелері бойынша өз сұрақтарын қоя алады. Құрметті елорда тұрғындары мен қонақтары, санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздік шараларын сақтауды, шектеу шараларына түсіністікпен қарауды сұраймыз», - деді Нұрдәулет Әлмұханов.