28 нау, 2022 сағат 16:58

Ораза – 2022: Жарапазанды жатқа айтудан жарыс өтеді


Биыл Рамазан айында жарапазан жырын жатқа айтудан сайыс ұйымдастырылмақ. Бұл туралы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, еліміздің бас мүфтиі Наурызбай қажы Тағанұлы мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Жарапазан – қасиетті Рамазан айының келгенін хабарлайтын, халықты ізгілікке үндейтін жыр. Жарапазан айту – дәстүрімізде бар жақсы үрдістің, жақсы ғұрыптың бірі. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Рамазан айында жарапазан жырын жатқа айтушылар арасында арнайы сайыстар ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Осы ретте игі дәстүрімізді бұқаралық сипатта насихаттау үшін ақпарат құралдары өкілдерін діни басқарманың ізгі бастамаларына ақпараттық қолдау көрсетуге үндеймін», - деді Наурызбай қажы Тағанұлы ОКҚ-де онлайн өткен брифингте. 

Оның айтуынша, елімізде ата-бабаларымыздың сан ғасырдан бері ұстанып келген діни жолы – ихсан ілімі жан-жақты насихатталып келеді. 

«Алла Тағала қасиетті Рамазан айында ұстаған оразамызды қабыл етіп, мол сауапқа кенелген пенделерінен еткей. Жаратушы Жаббар Иеміз елімізге амандық, жерімізге тыныштық беріп, тәуелсіздігімізді баянды еткей», - дейді ол.