Рамазан айы тұсында Қазақстан мұсылмандары діни мұсылмандары басқармасы жанынан азаматтарға діни ақпарат беру орталығы ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Шариғатымыз бойынша балиғатқа толған, ақыл-есі дұрыс әрбір мұсылманға рамазан айында ораза ұстау – парыз. Алайда, жолаушыларға, сырқаттанған немесе денсаулығы нашар адамдар ауруының асқынуынан қауіптенсе және сенімді дәрігер ұзақ уақыт бойы ашығудан денсаулығы күрт нашарлап кетуі мүмкін деген шешім қабылдаса, сондай-ақ жүкті немесе омырауда баласы бар әйелдерге ораза тұтуды кейінге қалдыруға шариғатымыз рұқсат береді», - деді Наурызбай қажы Тағанұлы орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Сондай-ақ, бас мүфти елордада діни ақпарат беру орталығының іске қосылғанын жеткізді.
«Егер оразаға, жалпы діни мәселеге қатысты қандай да сұрақтарыңыз болса Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанынан діни ақпарат беру орталығы ашылғанын қаперлеріңізге саламын. Жамағаттың сұрағына дер кезінде жауап беретін орталықтың нөмірі – 33-30-30. Орталыққа Нұр-Сұлтан қаласының коды арқылы телефон шалуға болады», - дейді ол.
Оның айтуынша, дін саласының білікті мамандары тәулік бойы қазақ және орыс тіліндегі сұрақтарға жауап береді.