05 мау, 2017 сағат 20:13

Оралдық режиссердің фильмі Нью-Йорк кинофестивалінде көрсетілмек

Оралдық жас режиссер Максим Қодаровтың «Куб» атты қысқа метражды фильмі V Нью-Йорк Еуразия кинофестивалінде көрсетілмек, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Сондай-ақ шетелдік көрермендер назарына Ақан Сатаевтың «Анаға апарар жол», Әділхан Ержановтың «Қаратас ауылындағы оба» және Ратмир Назаровтың «Пәтер жалдаушы қыз» атты картиналары ұсынылмақ. Фильмдердің көрсетілімдері 16-18 маусым аралығында Нью-Йорктегі Maroney & Founder's Hall театрында өтеді.

2010 жылы Нью-Йорк тәуелсіз режиссерлар ұйымының бастамасымен ашылған аталмыш фестивальға орта есеппен әлемнің жиырма елінен сексеннен астам картинаны көрсету жөнінде өтініш жасалады екен.

Өзінің отбасы, анасы Оралда тұрғанымен, соңғы бірер жылдан бері кино түсіру мақсатында Алматыда жүрген Максим Қодаровтың айтуынша, «Куб» фильмі «Жеті ата» компаниясының басшысы Руслан Тілемісовтің қолдауымен 2016 жылы шығарылған. Сондай-ақ екінші продюсер Сайын Ғабдуллиннің де еңбегі мол. Қысқа метражды фильмде ойнайтын Жанат Нәбиева мен Рамазан Көпбаев кәсіби актерлер емес. Кезінде Оралдағы Сәкен Ғұмаров атындағы балалар көркем сурет мектебін бітірген Максим Қодаровқа фильм сценарийін жазуға суретшілік өнері септескен көрінеді. Небәрі он тоғыз минутқа созылатын туындыға музыкалық мектепте еден жуушы қызметін атқаратын елу жас шамасындағы скрипкашы әйелдің тағдыры, оның орындалмаған армандары арқау болған.

«Шығармашылық бағытта бұдан кейін де жұмыстанбақшымын. Мистика элементтері араласқан «Жоғалған адам» атты тағы бір қысқа метражды фильмді бітірдім. Болашақта қазіргі қоғамға қатысты көкейкесті тақырыпта көлемді картина түсіруді қолға алсам деймін», деді Максим Қодаров.