08 қар, 2017 сағат 18:15

Оралдағы хиджаб дауы: "діндар" ата-аналар мұғалімдерді сотқа берді

Оралдағы орта мектептерде оқитын төрт оқушының ата-анасы қыздарының білім мекемесіне орамал тағып бару құқығы үшін сотта күресіп жатыр, - деп жазады centralasian.org. Бұл туралы ата-аналардың мүдделерін қорғаушы Арман Әбдірәшит хабарлады.

Заңгердің айтуынша, ата-аналар мектептердің ішкі тәртібі мен Білім және ғылым министрінің 2016 жылы 14 қаңтардағы жарлығының заңдылығын сот арқылы тексеруді көздеп отыр. Министр жарлығында "түрлі конфессиялардың діни киім элементтерін мектеп формасына қосуға болмайтыны" айтылған.

Әбдірашит бұл жарлық Қазақстан Конституциясының "мемлекеттік білім мекемелерінде тегін білім алу құқығына" қайшы екенін айтты. Заңгер "оқушылар хиджаб емес, қазақтың ұлттық киімі - ақ түсті кимешек киеді" дейді.

Шағымданушылардың бірі Әсет Сұлтанұлының айтуынша, Оралдағы №7 орта мектеп басшылығы қазанның ортасында бірінші сыныптағы қызына бас киіммен сабаққа келуге тыйым салған. Қазір оның қызы мектепке бармайды.

Аталған мектеп директоры Виктор Протасов бұған қатысты пікір білдіруден бас тартты.