08 там, 2022 сағат 15:47

Оралда бизнесменді өлтірді деген күдіктілер ұсталды - видео


Полицейлер оралдық кәсіпкер Еркін Мұханғалиевті өлтірді деген күдіктілердің ұсталу сәті түсірілген видеоны жариялады, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Tengrinews.kz агенттігіне сілтеме жасап.

Кадрларда үй ауласында екі ер адамның қолдары кісенделіп, жерде жатқанын көруге болады. Олардың қасында полиция арнайы бөлімшесінің бірнеше қызметкері тұр. Кейін күдіктілерді арнайы көлікпен алып кетеді.


Еске салайық, оқиға 6 тамызда кешке болған. Еркін Мұханғалиевтің мәйіті П.Атоян атындағы стадион тұрағынан табылған еді. Сонымен қатар кәсіпкерге кафеде шабуыл жасалғаны анықталды. Кейінірек күдіктілердің жеке басы анықталды, олар - кісі өлтіргеннен кейін оқиға орнынан қашып кеткен 31 жастағы Руслан Қожантаев пен 21 жастағы Тұрлан Амангелді.

Полицейлер Оралдан шығатын және қалаға кіретін жолдарды, күдіктілер баруы мүмкін деген жерлерді тексерген. Қылмыскерлерді ұстауға күш құрылымдары жұмылдырылған.

Артынша оралдық кәсіпкерді өлтірген сәттің видеосы тараған еді. Кадрда кәсіпкердің екі жігітпен дәмханада қалай сөйлесіп жатқаны көрсетілген. Кенет жанжал басталып, жігіттердің бірі кәсіпкердің мойын тұсына пышақ сұғып алған. Содан кейін ол тағы бірнеше рет ұрады. Жарақат алған Мұханғалиев терезеден шығып үлгереді, бірақ олар қуып жетіп, көшеде тағы 15 рет пышақтаған. Кәсіпкер жедел жәрдем келгенше, қайтыс болған.

Шабуыл жасалған сәт