29 там, 2019 сағат 17:56

Орал қаласында еліміздің белсенді жастары біліктілігін арттыруда

Нұр-Сұлтан қаласында бастау алған «Жастар ұйымдарының нетворкингі және тәжірибе алмасуы» жобасы Орал қаласында жалғасын тапты. ҮЕҰ мен ЖРО өкілдері арасында ұйымдастырылып жатқан шараға Маңғыстау, Атырау,  Ақтөбе облыстары мен Орал қаласының  200-ге жуық жас белсенді қатысты.

Екінші күні өткен «ҮЕҰ + бизнес = жастарға арналған мүмкіндіктер» атты аймақтық конференцияда түрлі сала мамандары мен өз кәсіптерін дамытуды мақсат тұтқан жас кәсіпкерлер бас қосты. Іс-шара аясында әр ұйым өкілдері бірлесіп жасаған бизнес-жоспарларын көпшілік алдында қорғап, жобаларынның қоғамға қандай пайда әкелетіндігін әңгімеледі.

«Bolashaq» Қауымдастығының атқарушы директоры Лаура Демесінова жастар арасындағы байланысты нығайтып, олардың бірлесе жұмыс істеуіне жағдай жасалып жатқандығын тілге тиек етті.

«Бұл шараның ұйымдастырылудағы басты мақсаты – мемлекеттік органдармен жұмыс жасауда тиімді ақпарат пен тәжірибе алмасу үшін аймақтардағы ҮЕҰ жастарына қолдау көрсету. Қазір жастар осы нетворкинг арқылы бір-бірімен танысып, бірге атқаратын жобалар туралы келісімдер жасауда. Осы тұрғыда қарайтын болсақ, Орал қаласында ұйымдастырылған «Жастар ұйымдарының нетворкингі және тәжірибе алмасуы» жобасы өз мақсатына жетті деп есептеймін», - дейді Лаура Демесінова.

Шара шеңберінде аймақтардан келген танымал спикерлер жастарға өз кеңестерін айтып, тәжірибесін бөлісті.

Елімізде алғаш рет ұйымдастырылған «Жастар ұйымдарының нетворкингі және тәжірибе алмасуы» жобасы Орал қаласынын өзге, Алматы, Шымкент, Павлодар өңірлерінде жалғасын табады. Жоба нәтижесі бойынша ҮЕҰ мен ЖРО-ның ең үздік қазақстандық тәжірибесі негізінде арнайы жинақ жарық көреді.

Айта кетсек, «Bolashaq» Қауымдастығы аталған жобаны ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен, «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ мемлекеттік гранты шеңберінде ұйымдастырды.