20 ақпанда Ресейдің Самара қаласында Open Fighting Championship халықаралық жекпе-жек турнирі өтеді. Жоспарланған 17 жекпе-жекте әлемнің 9 елінің файтерлері бақ сынасады, деп хабарлайды SPORTINFORM порталы.
Турнир андеркардында екі қазақстандық өнер көрсетеді: қарағандылық Константин Чередниченко (65,8 келі) жергілікті спортшы Данил Конновқа қарсы шықса, атыраулық Талғат Жұмағалиев (56,7 кг) пен ресейлік Гусейн Халиков өзара мықтыны анықтайды.
Тағы бір қазақстандық - «Atyrau Top Team» командасының мүшесі Самат Жағыпаров турнирдің мейнкардын ашып, лиганың OFC чемпиондық белбеуі мен жүлде қоры 1 миллион рубль (шамамен 6 млн теңге) болатын Гран-Придің ¼ финалында жекпе-жекке шығады. Жағыпаровтың қарсыласы – армениялық Айк Казарян. Салмақ дәрежелері – 61,2 келі.
Open Fighting Championship-тің басты жекпе-жегі ресейлік Виктор Колесник пен нокаутшы Элисмар «Карраско» Лима арасында өтпек. Сондай-ақ негізгі айқастың бірінде көпшіліктің сүйіктісі тәжікстандық Шараф Давлатмуродов бразилиялық Адриано Балбиге қарсы шығады.
Самарада өтетін микстфайт кешін FullHD сапасында қазақстандық INSPORT – insporttv.kz спорттық телеарнасынан тегін тамашалауға болады.