14 қыр, 2020 сағат 14:53

ОПЕК ұйымы 60 жылдығын тойлап жатыр

ОПЕК аббревиатурасы «Мұнай экспорттаушы елдер ұйымын» білдіреді. Экспорттаушы елдер ұйымы 1960 жылғы 10-14 қыркүйекте Бағдаттағы конференцияда дамып келе жатқан мұнай өндіруші бес ел – Иран, Ирак, Кувейт, Сауд Арабиясы және Венесуэланың бастамасымен құрылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Ұйымды құру мақсаты - ұлттық мүдделерді ескере отырып, жаңа тәуелсіз мемлекеттердің өз ресурстарын және олардың пайдаланылуын бақылауға деген ұмтылысы. 1960-шы жылдары әлемдік нарықта мұнай ұсынысы артығымен болды, сондықтан ОПЕК-ті құру мақсатының бірі – бағаның одан әрі құлдырауына жол бермеу. 

ОПЕК мұнай өндірудің ұжымдық көрінісін әзірледі және ұйымның хатшылығын құрды, ол алғашында Женевада, ал 1965 жылғы 1 қыркүйектен бастап Венада орналасты. 

ОПЕК құрамына 13 ел кіреді: Алжир, Ангола, Венесуэла, Габон, Иран, Ирак, Конго, Кувейт, Ливия, Біріккен Араб Әмірліктері, Нигерия, Сауд Арабиясы, Экваторлық Гвинея. 

2016 жылғы қарашада ОПЕК+ бейресми форматы құрылды, оған 10 ел кіреді: Әзербайжан, Бахрейн, Бруней, Қазақстан, Малайзия, Мексика, Оман, Ресей, Судан, Оңтүстік Судан. 

Қазақстан ұйым хатшылығының шақыруымен 2019 жылғы наурызда ОПЕК+ мониторинг комитетінің қатысушысы болды, бұл халықаралық мұнай-газ қауымдастығында ел беделінің өскенін білдіреді. 

Қазақстан ОПЕК+ үлкен отбасының мүшесі бола отырып, әлемдік мұнай индустриясының дамуына ықпал ететін шешімдерді қабылдауға тең деңгейде қатысады. 

ОПЕК және ОПЕК+ қатысушы елдері әлемдік мұнай нарығында сұраныс пен ұсыныс балансын қалпына келтіру үшін орасан зор күш-жігерін салады. COVID-19 індеті барлық мұнай экспорттаушы елдері үшін нағыз сынақ болды. 

ОПЕК-тің бас хатшысы Мұхаммед Баркиндо ұйымның 60 жылдық мерейтойына байланысты құттықтау сөз сөйледі. 

«Болашаққа көз жүгірте отырып, ОПЕК біздің тарихымыздағы алдағы 60 жылда кездесетін жаңа сын-қатерлерге дайын. Біздің мүддеміз өндірушілер, сондай-ақ тұтынушылардың игілігі үшін теңдестірілген және тұрақты мұнай нарығын қалыптастырудан тұрады», - деді ол. 

Сондай-ақ ол бұл миссияны қатысатын 23 ел, оның ішінде Ресейді қоса алғанда, белгілі ОПЕК+ мұнай өндіруді реттеу туралы келісім арқылы ойдағыдай жүзеге асып келе жатқанын атап өтті. 

Баркиндо энергетикалық кедейлікті қысқарту кезінде дәл осы нәрсе адамзатқа тұрақты дамуға қол жеткізуге мүмкіндік береді деп санайды.