Оңтүстікқазақстандық кәсіпкер 2 миллион теңгеге EXPO-2017 көрмесінің билетін сатып алды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ОҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Бүгінде облыс көлемінде EXPO-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесіне дайындық жұмыстары жан-жақты жүргізілуде. Сондай-ақ, көрменің өту кезеңінде Астана қаласын азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз ету мақсатында ауыл шаруашылығы басқармасы тиісті жұмыстарды атқарып жатыр, - деп хабарлады баспасөз қызметіндегілер.
Оңтүстік жұртшылығы қазірдің өзінде билеттерді жаппай сатып алуға көшкен. Оның ішінде өңірдегі қалталы азаматтар өз қаржыларына билет алып, әлеуметтік тұрмысы төмен отбасылар мен мүгедектерге және де ардагерлерге сыйлық ретінде тарту етуде. Осындай игі бастаманы қолға алған азаматтың бірі облыс депутаты, түркістандық кәсіпкер Рахым Тәңірбергенов.
Белсенді азамат Шымкент қаласындағы әл-Фараби алаңында EXPO-2017" халықаралық көрмесі мен Елбасының "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" мақаласына қолдау білдірген жастар мен ұлттық аспаптар оркестрінің қатысуымен өткен шараға қатысып, елордада өтетін көрмеге 2 миллион теңгеге 500 билетті өз қаражатына сатып алғанын айтты.
"EXPO-2017 көрмесіне әрбір азамат атсалысуы тиіс деп есептеймін. Өйткені бұл өте маңызды шара. Елімізге әлемнің 100-ден астам мемлекеттен қонақтар келгелі отыр. Сондықтан осындай ауқымы зор шарадан оңтүстікқазақстандықтар да сырт қалмауы тиіс деп ойлап, бүгін өз қаражатыма 500 билет сатып алып отырмын. Бұл билеттерді өзіме қарасты мекемеде ерен еңбегімен көзге түсіп жүрген азаматтарға ұсынамын. Сонымен қатар, жаз айында көрмеге бару үшін арнайы автобустар ұйымдастырып, түркістандықтарды өз есебімнен Астанаға апарып қайтамын", - деді Рахым Көлбайұлы.