Фото: Ақорда
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жапония Парламентінің Қазақстанмен достық лигасының төрағасы Ясутоши Нишимураны қабылдады, деп хабарлайды Ult.kz.
Кездесу барысында Президент жапон саясаткерін жаңа қызметімен құттықтап, екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен болашағын талқылады. Тараптар парламентаралық байланыстарды нығайтуға ерекше назар аударды.
Мемлекет басшысы Жапонияны Қазақстанның Азиядағы негізгі әрі сенімді серіктестерінің бірі ретінде атап өтті. Оның айтуынша, өткен жылы Токиоға жасалған ресми сапар қорытындысы қазақ-жапон қатынастарын жаңа деңгейге көтерген. Сол сапар аясында Санаэ Такаичимен бірлескен мәлімдеме қабылданып, сауда, ғылым, білім, цифрландыру, экология және ауыл шаруашылығы салаларында 17 маңызды құжатқа қол қойылған.
Сонымен қатар бизнес өкілдері жалпы құны 3,7 миллиард доллардан асатын 60-тан астам келісім жасаған. Президент «Орталық Азия – Жапония» диалогының алғашқы саммиті табысты өткенін айтып, келесі кездесу Астанада өтетінін жеткізді.
Кездесуде мәдени-гуманитарлық байланыстар да сөз болды. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда жапон мәдениетіне, соның ішінде сумо мен дзюдоға қызығушылық артып келе жатқанын атап өтті. Сондай-ақ қазақстандық сумошы Кимбозан Харуки (Ерсін Балтағұл) жетістіктері ерекше аталды.
Өз кезегінде Ясутоши Нишимура Қазақстанмен көпжақты ынтымақтастықты кеңейтуге дайын екенін білдіріп, кездесу үшін алғыс айтты.
Кездесу соңында Мемлекет басшысы жапон саясаткерін Қазақстан мен Жапония арасындағы қарым-қатынасты дамытуға қосқан үлесі үшін І дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.
