Фото: Ақорда
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық кинология федерациясының президенті Тамаш Яккельді қабылдады, деп хабарлайды Ult.kz.
Кездесу барысында қазақы ит тұқымдарын сақтау және олардың тұрақты генетикалық қорын қалыптастыру бағытындағы ынтымақтастық мәселелері қарастырылды. Президент Тамаш Яккельге қазақ тазысын алдын ала тану жөніндегі шешімге қосқан үлесі үшін алғыс білдірді. Бұл шешім 2024 жылы Амстердам қаласында өткен федерацияның Бас комитеті отырысында қабылданған.
Мемлекет басшысы тазы мен төбет тұқымдарының маңызы тек кинологиямен шектелмейтінін атап өтті. Оның айтуынша, бұл жануарлар қазақ халқының тарихи-мәдени мұрасымен тығыз байланысты және ұлттық құндылықтардың бірі саналады.
Қазіргі таңда Қазақстан кинологтар одағының бірыңғай асыл тұқымды иттер кітабында 4 мыңға жуық тазы тіркелген. Сонымен қатар салада тиісті заңнамалық актілер қабылданған.
Президент алдағы уақытта Жетісу облысында ит тұқымдарын сұрыптаумен айналысатын және ғылыми-кинологиялық қолдау көрсететін ұлттық орталық ашылатынын мәлімдеді.
Сондай-ақ биылдан бастап 3 қыркүйек Қазақы тазы мен төбет күні ретінде белгіленетіні айтылды.
Кездесу барысында Тамаш Яккель Қазақстанда ұлттық ит тұқымдарын дамытуға көрсетіліп отырған қолдауға жоғары баға беріп, Халықаралық кинология федерациясының әлемнің 100-ден астам елін біріктіретін қызметі туралы ақпарат ұсынды.
