Фото: Ақорда
Ақордада елімізге ресми сапармен келген Ицхак Герцогты салтанатты қарсы алу рәсімі өтті, деп хабарлайды Ult.kz.
Рәсім барысында мемлекет басшылары бір-біріне делегация мүшелерін таныстырып, Құрмет қарауылының бастығы рапорт берді. Одан кейін Қазақстан мен Израильдің мемлекеттік әнұрандары орындалды.
Келіссөздер шағын құрамда Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ицхак Герцогтың қатысуымен өтті. Қазақстан Президенті мәртебелі мейманды еліміздің төрінде қарсы алуға қуанышты екенін айтып, екі ел арасындағы қарым-қатынастың қалыптасуына Израильдің бұрынғы Президенті Хаим Герцогтың зор үлес қосқанын атап өтті.
– 1992 жылдан бері қос халық арасында тығыз достық байланыс орнады. Экономикалық және саяси бағыттарда елеулі нәтижелерге қол жеткіздік. Қазақстан Ибраһим келісімдеріне қосылу туралы шешім қабылдады. Бұл қадам Таяу Шығыстағы тұрақтылықты нығайтуға үлес қосуға дайын екенімізді білдіреді. Бүгін өзара экономикалық байланыстарды дамыту мәселелерін жан-жақты талқылаймыз, – деді Мемлекет басшысы.
Өз кезегінде Ицхак Герцог Қазақстанға сапары әкесінің жолын жалғастыру екенін атап өтіп, қазақ жеріне келуді көптен бері армандағанын жеткізді.
– Қазақстанның табиғаты мен мәдениеті туралы көп естідім. Бұл сапарға жоғары технологиялар саласындағы ынтымақтастықты дамытуға ықпал ететін сарапшылармен бірге келдім. Қазіргі жаһандық өзгерістер кезеңінде елдеріміз арасындағы әріптестіктің әлеуеті өте жоғары, – деді Израиль Президенті.
Келіссөздер кейін кеңейтілген құрамда жалғасты. Тараптар саяси диалогтың қарқынды дамып келе жатқанын, сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықта нақты жетістіктер бар екенін атап өтті.
Мемлекет басшысы Ибраһим келісімдерінің өңірлік тұрақтылықты нығайтуға және экономикалық байланыстарды кеңейтуге мүмкіндік беретінін айтты. Сонымен қатар Қазақстан жасанды интеллект пен цифрландыру салаларындағы серіктестікті дамытуға мүдделі екенін жеткізді.
Ицхак Герцог Қазақстанның конфессияаралық келісім мен толеранттылық үлгісін жоғары бағалап, екіжақты сауда көлемін арттыруға және тікелей әуе қатынасын ашуға қызығушылық білдірді. Сондай-ақ қосарланған салықты болдырмау туралы келісімді қоса алғанда, құқықтық базаны кеңейту жоспарланып отырғанын айтты.
Келіссөз қорытындысы бойынша тараптар саяси диалогты жалғастырып, барлық деңгейдегі ықпалдастықты жандандыруға және серіктестікті жаңа сапалы кезеңге көтеруге уағдаласты.
