01 мам, 2026 сағат 13:19

Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Бірлік күнімен құттықтады

Фото: Gov.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқын Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесімен құттықтады, деп хабарлайды Ult.kz.

Президент өз құттықтауында бұл мейрам қоғамдағы татулық пен өзара сыйластықты дәріптейтін маңызды күн екенін атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстанда түрлі этнос өкілдері бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп, елдің дамуына бірге үлес қосып келеді.

"Кезінде тағдырдың жазуымен елімізде тұрақтаған түрлі этнос өкілдері Қазақстан атты киелі Шаңырақтың астында бір үйдің баласындай тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Бұл – бәрімізге ортақ игілік.
Дана халқымыз «Татулық – таусылмас бақыт» деп бекер айтпаған. Біз – бейбіт заманның қадірін білетін, айналасына жанашырлықпен қарайтын, әрдайым көмек қолын созуға дайын тұратын елміз. Бұл – біртұтас ұлтымыздың болмысына тән қасиет. Біз осы бірегей дәстүрді көздің қарашығындай сақтап қалуымыз керек.
Біздің көзқарасымыз әртүрлі болғанымен, тілегіміз – бір. «Бірлігіміз – әралуандықта» формуласы мемлекеттік саясат пен азаматтарымыздың күнделікті өмірінің өзегіне айналды.
Сондықтан біз бірлік, ынтымақ, этносаралық және конфессияаралық татулық қағидаттарын жаңа Конституцияның преамбуласында нақты көрсеттік.
Бұл – Қазақстан халқының саналы түрде жасаған таңдауы. Себебі азаматтарымыз баршаға бірдей құқықтар мен мүмкіндіктер беретін елде, әділ, тұрақты және бақуатты қоғамда тұруды қалайды.
«Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы еліміздегі ауқымды жаңғыру үдерісінің арқауы ретінде осы биік мақсатқа жетуімізге кепіл болмақ.
Біздің тарихымыз, бүгініміз және болашағымыз – бір. Бұл –Қазақстан халқының сарқылмас күш-қуаты мен отаншылдық рухының айқын көрінісі. Біз бәріміз бір ел болып жұмылып, өсіп-өркендеу жолында биік белестерді бағындыра беретінімізге  кәміл сенемін", - деп жазды Мемлекет басшысы.


Сөз соңында Қасым-Жомарт Тоқаев барша азаматтарға зор денсаулық, амандық және бақ-береке тілеп, елдің бірлігі мен тұрақтылығы алдағы уақытта да нығая түсетініне сенім білдірді.