24 шіл, 2020 сағат 14:20

Онлайн құрбан шалу жүйесі қалай жұмыс істейді

Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы қашықтан құрбан шалу жүйесінің жұмысын түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Құрбан шалу – жағдайы келген мұсылманға уәжіп болып есептеледі. Осынау ұлтық ғибадатты орындау мақсатында Діни басқарма ел мұсылмандарының өтінішін ескере отырып, биыл алғаш рет Құрбан айт қарсаңында халықаралық тәжірибелерге сүйеніп, қашықтан құрбан шалу жобасын қолға алдық. Осы мақсатта https://qurban2020.kz сайты ашылып, бүгіннен бастап, 24 сағат бойы іске қосылады. 30 шілдеге дейін құрбан шалуға онлайн тапсырыс қабылданады», - деді Бас мүфти Орталық коммуникациялар қызметінде. 

Спикердің айтуынша, онлайн режимде тапсырыс қабылдап, құрбандық етін мұқтаж жандарға тарату тәжірибесі Түркия, Малайзия, Индонезия, БАӘ сынды бірқатар мұсылман мемлекеттерде бұрыннан қалыптасқан және дәстүрге айналған. 

«Бұл жүйенің басты ерекшелігі – құрбандық еті түгелдей мұқтаж жандарға таратылады. Алғаш рет іске қосылғалы тұрған бұл жүйенің кемшіліктері болуы мүмкін. Техникалық қиындықтар туындаса, түсіністікпен қарауды өтінеміз. Онлайн құрбандық жүйесін ашудағы мақсат – сын-сағатта пайда табу емес, халықтың құрбан шалуға деген қажеттілігін жүзеге асыру. Діни басқарманың мақсаты – азаматтардың құрбандығын шалуды ұйымдастыру. Онлайн тапсырыс арқылы құрбандық шалу кезінде дағдыға айналған малды таңдау, қасапшы жанына барып қатысу мүмкіндігі болмайын деп тұр. Бұл жобаны карантин кезінде құрбан шалуға ниет еткен азаматтардың ниетін жүзеге асыру мүмкіндігі ретінде ұсынып отырмыз. Алла қаласа, аталмыш жоба келесі жылы өз жалғасын табады деп үміттенеміз. Онлайн құрбандық шалуда имамдарымыз делдалдық қызмет жасамайды. Екі ортада жүріп пайда табумен айналыспайды. Біздің міндет – халыққа қызмет, құрбандық шалуды ұйымдастыру мен құрбан еттерін мұқтаж жандарға үлестіріп беру ғана», - деді Наурызбай қажы Тағанұлы. 

Осы кезге дейін азаматтар құрбан етін үшке бөліп, бір бөлігіне ағайын-туыс, көрші-қолаңға айттық дастархан жаятын. Пандемия жағдайына байланысты биылғы онлайн құрбандық шалынғанда еттің үштен бірі берілмей, түгелдей мұқтаж жандарға үлестірілетін болады.