Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев «Бөрте» спектаклі туралы журналистер сұрағына жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Орталық коммуникациялар қызметінде әкімге «Бөрте» спектакліне 246 млн теңгенің бөлінуі тым қымбат деп ойламайсыз ба? Басқа қалаларда осындай қойылымдарға 3-4 млн теңге кетеді» - деген сұрақ қойылды.
«Жоқ, олай ойламаймын. Біз барлық сметаны тексеріп шықтық, онда артық ештеңе қарастырылмаған. Және оның жаңа театр екенін ескерсек, декорация керек, костюмдар керек, авторлар мен режиссердің гонорарын, актерлердің еңбекақысын төлеу керек – тексеру жұмыстары көрсеткендей, барлық қаражат орнымен жұмсалған. Керісінше, мен Түркістанға келгені үшін театр ұжымына алғыс айтқым келеді. Олардың барлығы түрлі елдердің астанасында еңбек еткен, алғашқы қойылымының өзін жоғары деңгейде көрсетті. Театр қаланың басты орнына айналды, театр қойылымы үшін Нұр-Сұлтан мен Алматыдан арнайы ұшып келетін қонақтар бар. Ал 3-4 миллион теңгеге қандай спектакль қоюға болатынын елестете алмаймын», - деп жауап берді Ө. Шөкеев.
Өңір әкімі жетекші театрлар үшін 200 млн теңгеден астам қаражат көптік етпейтінін айтты.
«Кеше де бірнеше сайт Түркістан театрының елордаға гастроліне 32 млн теңге бөлінетінін жазды. Бұл сұрақты мен де қарастырып көрдім. Бұл театрға үлкен сұраныс болды, елорда әкімдігінің өзі ұсыныс жасады. Нұр-Сұлтандағы театрды бір күнге жалға алудың өзі – 8 млн теңге. Екі күн қойылым көрсетуге 16 млн теңге кетеді. Қалғаны театрды астанаға әкелу, декорацияларды тасымалдау, іссапарлар мен қонақүйлерге жұмсалады. Жалпы алғанда бұл цифрлар ақылға қонымды. Егер қандай да бір бұзушылықтар болса, оны тексеретін тиісті органдар бар. Ал негізі объективті түрде қарау керек және Түркістанды рухани астана етуге жанын салып жүргендердің еңбегін құрметтеу керек», - деді Ө. Шөкеев.
Айта кеетйік, 9-10 қазан күндері Түркістан музыкалық драма театры белгілі драматург, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Дулат Исабековтің пьесасына қойылған «Бөрте» спектаклімен ашылды және аншлагпен өтті.
20-21 қараша күндері «Бөрте» спектаклі Нұр-Сұлтан қаласында Қ. Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрында көрсетіледі.